«Көкшетау жылу» кәсіпорны жылу беру маусымын шектеулі режимде бастамақ
ДИКТОР: «Көкшетау жылу» кәсіпорны биылғы жылу беру маусымын толық қуатпен емес, шектеулі режимде бастауға мәжбүр. Себебі, жөндеу жұмыстары кестеден кеш қалып жатыр. Бұл жалғыз Көкшетаудың дерті емес. Теміртау, Жезқазған, Алматы мен Солтүстік Қазақстан облыстарында да дайындық сыр берді. Ал Үкімет басшысы әзірлік паспортын алмай, жылыту маусымын бастаған басшылар жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Тілшіміз облыс орталығындағы жылу беру маусымын дайындық барысын бағамдап қайтты.
РКС: Биыл Көкшетаудағы жылу инфрақұрылымын жаңғыртуға Үкіметтен 1,2 миллиард теңге бөлінді. Қазір шаһарды жылумен қамтып отырған екі аудандық қазандықта жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр. Алайда, жылу маусымында қос қазандықтағы 6 жылу агрегаттың тек бесеуі іске қосылмақ.
СНХ: ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Жылыту маусымына дайындық барысына бұлайша салғырт қарауға болмайды. Атқарылып жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, нақты шешімдер қабылдау қажет. Жөндеу науқанының мерзімін бұзған немесе оны созып жүрген басшылардың жауапкершілігін де қарау қажет.
РКС: Коммуналдық кәсіпорын басшылығы 5 агрегаттың қуаты күз айында қаланы жылумен қамтуға жетеді деп сендірді.
СНХ: ЕРЖІГІТ ТҰНҒАТАРОВ, «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бір жылу агрегатынсыз-ақ жылу маусымын бастаймыз. Күз айының басы ғой, сондықтан қаланы жылумен толық қамтуға қуаты жетеді. Жөндеу жұмыстары қазан айының аяғында аяқталса, қарашаның 1-інен толық қуатпен жұмыс істейтін боламыз.
РКС: Шаһарда сондай-ақ, жылу желілерін жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде жөндеу жұмыстарының нәтижесінде шаһардағы жылу жүйелерінің тозу көрсеткіші 43 пайызға төмендеді. Биыл ескірген желінің 4 мың метрі жаңартылады. Оның бір шақырымнан астамы Сайын көшесіндегі проблемалық учаскеде ауыстырылып жатыр.
СНХ: ТАЛАП ИГЕНБАЕВ, «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫ ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІНІҢ БАСҚАРУШЫСЫ: Бұған қоса қаладағы 21 проблемалық учаскедегі 1700 метр құбырды өз қаржымыздың есебінен жаңартып жатырмыз. Қазір жылу желілеріндегі жұмыс 80 пайызға атқарылды десек болады.
РКС: Кәсіпорын басшылығы жылыту маусымына дайындықты күшейтіп, кешеуілдеген мерзімді бағындыруға бар күшін салмақ. Бүгінде қалада тұрғын үйлердің ішкі жылу желілерін қысқа дайындау жұмыстары да қарқын алды. Әзірге 1071 көпқабатты үйдің 75 пайызы қыс маусымына дайын.
БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ