ДИКТОР: Мейрамханаға барып, тамақтанып шықтыңыз. Ал есепшотқа тапсырыс құнынан бөлек тағы 10 процент қызмет көрсету ақысы қосылып тұр. Бұл заңды ма? Тұтынушы қызмет көрсету ақысын қандай жағдайда төлемеуге толық құқылы? Әріптесім Сәния Есімсейітова жауап іздеп көрді.

РКС: Кейбір дәмханалар мен мейрамханалар есепшотқа автоматты түрде 10 процент қызмет көрсету ақысын қосады. Заңда мұндай төлемге тікелей тыйым салынбаған. Десе де бұл кез келген жағдайда заңды деген сөз емес. Мәселенің басты шарты - тұтынушы алдын ала хабардар болуы тиіс. Егер мейрамхана қызмет көрсету ақысы алынатынын мәзірде, прейскурантта немесе көрінетін жерде анық көрсетсе, мұндай талап заң талаптарына қайшы келмейді. Ал егер келуші бұл туралы алдын ала ескертусіз, тек есепшот келгенде ғана білсе, онда мұндай төлемді талап ету заңсыз деп бағаланады. 

СНХ: ИННА САДЫҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Егер тұтынушы өзіне алдын ала ескертусіз қызмет көрсету ақысы есептелген жағдайға тап болса, ең алдымен мейрамхана әкімшілігінің атына сотқа дейінгі талап-арыз жазуы қажет. Онда өзінің қандай құқықтарының бұзылғанын және талаптарының негіздерін нақты көрсетуі тиіс. Егер мейрамхана әкімшілігі бұл талап-арызға жауап бермесе немесе мәселені шешуден бас тартса, тұтынушы өз құқықтарын қорғау үшін уәкілетті департаментке жүгінуге құқылы.

РКС: Егер қызмет көрсету үшін алынатын пайыздық ақы туралы тұтынушыға алдын ала ескертілмесе, төлем тек есепшот ұсынылған кезде белгілі болса немесе тапсырыс өзімен алып кетуге рәсімделсе, тұтынушы бұл 10 пайыздық қызмет көрсету ақысын төлемеуге құқылы. Ал мейрамхана мәзірінде немесе көрінетін жерде қызмет көрсету үшін 10 пайыз ақы алынатыны нақты көрсетіліп, тұтынушы бұл талаппен алдын ала таныс болса, онда мұндай төлемнен негізсіз бас тартуға болмайды, - дейді заңгер.

СНХ: ДАНИЕЛЬ БИЛЯЛОВ, ЗАҢ КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл мәселе ұзақ уақыт құқықтық тұрғыдан түрлі пікір туғызып келді. Мемлекеттік органдардың ұстанымы да бірнеше рет өзгерді. Бірақ 2024 жылғы тамыздан 9-нан бастап Ішкі сауда қағидаларының 228-тармағына сәйкес, мәзір жария оферта болып есептеледі. Сондықтан мәзірде немесе тұтынушыға ұсынылатын ақпаратта қызмет көрсету үшін 10 процент көлемінде ақы алынатыны нақты әрі анық көрсетілсе, мейрамхана бұл төлемді заңды түрде өндіріп алуға құқылы.

РКС: Бұл мәселеге келгенде қала тұрғындарының пікірі екіге бөлінді. Бірі сапалы қызмет көрсеткен даяшының еңбегі бағалануы керек десе, енді бірі қызмет көрсету ақысын негізсіз әрі тым қымбат деп санайды.

СНХ: АЗАТ ЕСЕНГЕЛДІ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Меніңше, 10 процент қызмет көрсету ақысы міндетті емес, тұтынушының қалауы бойынша болуы тиіс. Өйткені есепшот сомасы жоғары болған сайын, бұл төлем де шамадан тыс көбейеді. Менің ойымша, бұл дұрыс емес.

СНХ: ӘДІЛ ТҮЛКІБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Егер бұл туралы алдын ала ескертілсе, мен 10 процент қызмет көрсету ақысын төлеуге қарсы емеспін. Даяшылар да өз жұмысын істейді ғой, әрі егер қызмет көрсетуі шынымен сапалы болса, онда мұндай қосымша төлем толықтай орынды деп есептеймін.

РКС: Егер тұтынушы қызмет көрсету ақысын төлеп, бірақ көрсетілген қызмет сапасына көңілі толмаса, ол өз құқығын қорғап, мекемеге талап қоюға немесе сотқа жүгінуге құқылы. Сондай-ақ қызмет көрсету ақысы процент түрінде емес, нақты теңгемен көрсетілуі тиіс дейді мамандар.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ