ДИКТОР: Егіндікөл ауданына қарасты Полтавское ауылында кәсіпкерлердің қолдауымен маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда. Мұнда әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауылды абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Елді мекендегі оң өзгерістермен тілшіміз танысып қайтты.
РКС: Полтавское ауылындағы жаңа Мәдениет үйі бүгінде ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Мұнда шығармашылық үйірмелер мен спорт секциялары тұрақты жұмыс істейді. Әсіресе, үстел теннисі үйірмесіне қызығушылар көп. Небәрі бір жыл бұрын ашылған секцияның қатысушылары бүгінде түрлі жарыстарда топ жарып жүр.
СНХ: ВИТАЛИНА РУБЕЦ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Спортпен айналысқан жақсы, себебі спорт шыңдап, тәртіпке үйретеді әрі алға қойған мақсатыңа жетуге көмектеседі. Біз командамызбен аудандық, облыстық және республикалық жарыстарға қатысамыз. Жақында Таразда өткен жарыста жүлделі 3-ші орынды иелендік. Спортпен айналысуға барлық жағдай жасалғанына қуаныштымыз.
СНХ: ГҮЛЖАН ӘШІМОВА, МӘДЕНИ-ДЕМАЛЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ: Мұнда көптеген мәдени - шаралар өтеді. Әр шараны қызықты өткізуге тырысамыз. Ауыл тұрғындарының басын қосуды мақсат етеміз.
РКС: «Сарымсақты» серіктестігінің қолдауымен қыста ауылішілік көшелер қардан үздіксіз тазартылып тұрады. Сондай-ақ, тұрғындардың игілігі үшін қоғамдық монша мен наубайхана салынған. Мәселен, ауыл халқы бір бөлке нанды небәрі 135 теңгеге сатып алады.
СНХ: ДАНИЯР ЖҮСІПОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ: Сондай-ақ, бізде қоғамдық монша жұмыс істейді. Оның қызмет құны да қолжетімді - кіру бағасы шамамен мың теңге. Бірақ ауылымызда небәрі 500-ге жуық тұрғын болғандықтан, бұл нысан экономикалық тұрғыдан өзін ақтамайды. Соған қарамастан, біз оны жыл сайын шамамен 5 миллион теңге көлемінде өз қаражатымыз есебінен жабамыз.
РКС: Полтавское ауылындағы бұл бастама бизнес пен жергілікті биліктің тиімді серіктестігінің нақты нәтижесін көрсетеді. Осылайша, бірлескен жұмыстың арқасында ауыл тұрғындарына қажетті жобалар уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылып келеді.
СНХ: МАРАТ ЖЫЛҚЫБАЕВ, АЛАКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: Ауылды абаттандыру, көшелерді тазалау, спорт инфрақұрылымын дамыту, волейбол алаңдарын салу, аумақтарды көгалдандыру және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды дамыту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз бизнес, мемлекет және тұрғындардың осындай серіктестігі ауылдың тұрақты дамуының басты кепілі деп санаймыз.
РКС: Туған жерге - туың тік. Осы ұстанымды берік ұстанған серіктестік бүгінде өзге де шаруа қожалықтарына үлгі болып келеді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ , КӨКШЕ АҚПАРАТ