ДИКТОР: Жазғы саяжай маусымы қызған шақта тұрғындар демалысқа шығып, бау-бақша жұмыстарына кіріседі. Десе де, дәл осы кезеңде саяжай ұрлығы да жиілейді. Биыл ұрылардың негізгі нысанасына қандай мүлік ілігіп жатыр? Жалпы ахуал қандай және жеке мүлікті қорғаудың тиімді жолдары бар ма? Тілші баяндайды.

РКС: Жаз мезгілі басталысымен қала тұрғындарының көбі демалыс күндерін саяжайда өткізеді. Бірі алғашқы өнімін жинап жатса, енді бірі қала сыртындағы учаскесіне баруға қамданып жүр. Бірақ саяжай маусымымен бірге жеке мүліктің қауіпсіздігі мәселесі де өзекті бола түседі. Осыған байланысты тұрғындардан бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін және өз мүлкін қорғау үшін қандай қауіпсіздік шараларын қолданатынын сұрап білдік.

БЛИЦ: 

- Бізде саяжайды күзетеді, Красный Яр жақта күзет бар. Дабыл жүйесіне қосылғанбыз. Бұрын тор да, күзет те, дабыл жүйесі де жоқ кезде екі рет ұры түсті. Пластик терезені ашып кіріп, барлығын алып кететін. Қазір бәрі жақсы. Дабыл жүйесі бар. Егер бірдеңе болса, бірден телефонымызға хабар келеді. Он-он бес минутта саяжайға жетеміз.

- Менің балаларым сол жақта тұрақты тұрады. Сондықтан ұрлық болмайды. Өйткені адамдар үнемі сонда. Тыныш, бәрі жақсы. Тек қаңғыбас иттер қаптап жүреді, бірақ олардан қауіп жоқ.

- Еккеніңді өзің көрмейсің кейде. Екі жыл бұрын мен саяжайды тастап кетіп едім. Бірақ ол жердімен күтіп ұстаймын, картоп та отырғыздым. Бір күні барсам, менің учаскемде біреулер жидегімді жинап жүр екен. «Не істеп жатырсыңдар? Бұл - менің саяжайым ғой» десем, төбелесуге дейін барды. Сондықтан менің ойымша, саяжайларда міндетті түрде күзет болуы керек. Ақысын төлесе де, күзет болғаны дұрыс. Біз жасы үлкен адамдармыз, жермен айналысып, еңбек етуге үйренгенбіз. Бірақ еңбегіңнің жемісін біреу алып кетсе, өте өкінішті.

РКС: Биыл саяжай маусымы басталғалы өңірде саяжай учаскелеріне 14 рет ұрлыққа түскен,-дейді тәртіп сақшылары. Қылмыстық істердің жартысы бойынша тергеу аяқталды. Бұдан бөлек, жедел уәкілдер бір күдіктіні қолға түсірді. Қазір оның бірден жеті ұрлық дерегіне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. 

СНХ: БІРЖАН БӘКІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Саяжай учаскелеріндегі ұрлықтың алдын алу мақсатында Криминалдық полиция басқармасы саяжай иелеріне қосымша қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Атап айтқанда, берік құлып орнатып, есік пен терезені күшейту, мүмкіндік болса, бейнебақылау камералары мен сыртқы жарықтандыру жүйесін орнату қажет. Сондай-ақ бағалы заттарды қараусыз қалдырмай, көршілермен тұрақты байланыста болып, күмәнді адамдарды байқасаңыз, дереу полицияға хабарлаған жөн. Осындай қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау мүліктік қылмыстардың алдын алып, ұрлық қаупін едәуір төмендетеді.

РКС: Полицейлер саяжайдағы ұрлықтардың көбі иелері ұзақ уақыт бойы келмейтін, қараусыз қалған учаскелерде болатынын алға тартады. Сондықтан қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау және мүлікке жауапкершілікпен қарау – ұрлықтың алдын алудың тиімді жолы. Бұл саяжай маусымын алаңсыз өткізуге мүмкіндік береді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ