ДИКТОР: Жапония төрінде көк Туымыз тағы бір мәрте биікте желбіреді. Әлемнің ең үздік каратэшілері бас қосқан дүбірлі додада Ақмола облысының спортшылары жарқын жеңіске қол жеткізді. Токиода өткен беделді турнирде жерлестеріміз бір алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының қоржынына қомақты үлес қосты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Шілденің 17-19 аралығында Жапония астанасы Токио қаласында шинкиокушинкай каратэден әлемдегі ең беделді халықаралық жарыстардың бірі – Karate Dream Festival 2026 International Championship турнирі өтті. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын айтулы турнир биыл да рекордтық көрсеткішке жетті. Әлемнің ондаған елінен келген 4000-нан аса спортшы татамиге шығып, өзара мықтыны анықтады.
СНХ: МИРА БЕКЖАНОВА, БАПКЕР: Екі күндік жарыста 16 татамиде спортшылар жекпе жекке түсті. Ақмола облысының атынан 4 спортшы қатысып, 3 жүлделі орынды иелендік. Осы жарысқа 2 ай бойы дайындалдық. Түрлы қалалаық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, өз жекпе-жегімізді жақсартуға тырыстық. Екі айлық еңбегіміз ақталды.
РКС: Дүбірлі додада Қазақстан намысын қорғаған Ақмола облысының спортшылары жоғары шеберлік танытып, ел мерейін үстем етті. Нәтижесінде Самира Рахметолла чемпион атанып, алтын медаль иеленсе, Әмір Қайырбеков күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Илья Столяренко қола медаль жеңіп алып, жарысты үздіктер қатарында аяқтады.
СНХ: САМИРА РАХМЕТОЛЛА, ШИНКИОКУШИНКАЙ КАРАТЭДЕН АЛТЫН МЕДАЛЬ ИЕГЕРІ: Мен каратемен 9 жылдан бері айналысамын. Жапониядағы жарысқа бір ай бойы тыңғылықты дайындалдық. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті, ал қарсыластарым өте мықты болды. Жекпе-жек оңай болған жоқ, бірақ мен бар күшімді салып, соңына дейін күрестім. Нәтижесінде бірінші орынды иелендім.
СНХ: БАЗАРБЕК ЗАДАҰЛЫ, АТА-АНА: Бүгін немереміз Токио қаласына барып жеңіспен оралып, соның қуанышын бөлісуге келіп жатыр жолдастары, достары. Қуаныш бірге болсын. Өркендей берсін, өсе берсін. Бұл жеңіс біз үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін бірдей жеңіс, қуаныш. Осындай қуаныш мол болсын.
РКС: Токио татамиінде жарқыраған өңір спортшылары тағы бір мәрте қазақ каратэ мектебінің әлеуетін әлемге паш етті. Бір алтын, бір күміс және бір қола медаль – өңір спортының қарқыны мен жас спортшылардың мүмкіндігі зор екенін көрсеткен жарқын нәтиже.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ