ДИКТОР: 23-ші тамызда Құрылтай сайлауы өтеді. Ел ішінде сайлау науқанына дайындық басталды. Аймақта сайлауды ұйымдастыруға қатысты дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сайлау күні өңірде барлығы 759 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Аймақта 789 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 21 аумақтық сайлау комиссиясы, 759 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Дауыс беру процесін 4520 комиссия мүшесі қамтамасыз етеді. Қазір олардың барлығы Конституциялық заң талаптары бойынша арнайы оқудан өтіп, кәсіби даярлығын жетілдіруде. Жалпы, облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаудың ашық әрі әділ өтуі үшін барлық ұйымдастыру шаралары заң талаптарына сай жүргізілуде.
СНХ: НИКОЛАЙ ПОЛИТКИН, ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес облыста үздіксіз өндірістік режимде жұмыс істейтін кәсіпорындарда уақытша үш сайлау учаскесі құрылды. Олар Бурабай ауданындағы «RG Gold», Зеренді ауданындағы «Алтынтау Көкшетау» және Көкшетау қаласындағы «Новопэк» кәсіпорындарында орналасады. Осылайша 23 тамызда жұмыс ауысымында болатын азаматтар өндірістен қол үзбей өз жұмыс орындарында дауыс бере алады.
РКС: Сайлаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірде бірқатар цифрлық қызмет іске қосылған. Азаматтар өздерінің қай сайлау учаскесіне тіркелгенін алдын ала онлайн тексере алады. Сонымен қатар call-орталықтар, арнайы ақпараттық сервистер және Telegram чат-бот арқылы қажетті мәліметті алу мүмкіндігі қарастырылған.
СНХ: НИКОЛАЙ ПОЛИТКИН, ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Облыс бойынша 21 call-орталық жұмыс істейді. Бұдан бөлек, сайлау күні сайлаушылар саны мыңнан асатын учаскелерде 199 ақпараттық сервис қызмет көрсетеді. Ірі қалаларда азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша сайлау учаскесін анықтайтын 8 арнайы сервис бар. Сонымен қатар «Сайлау Aqmola Bot» Telegram чат-боты іске қосылған. Оның көмегімен әрбір азамат өзінің қай учаскеде дауыс беретінін және сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады.
РКС: Саяси партиялардың үгіт-насихат материалдарын орналастыру үшін облыс аумағында 679 арнайы орын белгіленген. Аккредиттелген 11 қоғамдық бірлестік пен үкіметтік емес ұйымның тәуелсіз байқаушылары сайлау процесін қадағалайды. Айта кетейік, биылғы Құрылтай сайлауына жеті саяси партия қатысады. Қазір олар сайлауалды бағдарламаларын халыққа таныстырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басым бағыттарын ұсынып жатыр. Ал үгіт-насихат кезеңі тамыздың 21-іне дейін жалғасады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ