ДИКТОР: Той - қазақтың қуанышы. Бірақ соңғы жылдары қуаныштың құны тым қымбаттап кеткендей. Бір күндік той үшін миллиондап ақша шашу, несие алу, тіпті қарызға бату қалыпты жағдайға айналды. Бірі «елден қалмайық» дейді, енді бірі «таныстың бәрін шақыру міндет емес» дейді. Сонда бүгінгі той - дәстүр ме, әлде бәсеке ме? Ысырапқа дін өкілдері не дейді? Ал халықтың пікірі қандай? Әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды. 

РКС: Қазір той десе, көпшіліктің ойына алдымен мейрам емес, шығын келеді. Банктен несие алып, жылдап қарыз өтейтіндер көбейді. Бір күндік думан аяқталған соң, бірнеше жыл бойы кредит төлейтін отбасылар аз емес. Әлеуметтік желі де бұл жарысты күшейтіп жібергендей. Қымбат мейрамхана, танымал әнші, ерекше безендіру мен қымбат сыйлықтар... Бірінің тойын көрген екінші адам одан асыруға тырысады. Ал мұндай бәсекенің соңы кейде отбасының қаржылық қиындықтарына әкеліп жатады.

СНХ: НҰРЛАН ӘБЕНҰЛЫ, «НАУАН ХӘЗІРЕТ» МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ: Той жасаудың да өз өлшемі мен шегі бар. Қасиетті Құранда: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер» деп ескертіледі. Демек, тойдың мәні - жарысуда немесе дарақылықта емес, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, қуанышты жақындармен бөлісуде. Сондықтан «той жасау керек» деген желеумен шамадан тыс шығынға бату, несие алып немесе қарызға кіріп, кейін отбасыны қиын жағдайға қалдыру - дінімізде де, салт-дәстүрімізде де құпталмайды. Өйткені қарыз - адамға ауыр жүк. Әр адам тойды өз мүмкіндігіне қарай жасағаны дұрыс. Киім-кешек те, дастархан да, салтанаттың көлемі де отбасының қаржылық жағдайына сай болғаны абзал. Ал бәсекелестікке салынып, мақтану үшін артық шығын шығару - дұрыс емес.

РКС: Бүгінде қарапайым той өткізуді қолдайтындар көбейіп келеді. Өйткені көпшілік үшін ең маңыздысы - дастарханның байлығы емес, қуаныштың шынайылығы. Несие алып шығынға батқаннан, керісінше бар қаражатқа жастардың тұрмысына көмек көрсеткен абзал,-дейді тұрғындар.

СНХ: ҚУАНЫШ БАЯДІЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Қазір көбі кредитке той жасап жатады. Ол дұрыс емес деп ойлаймын мен. Одан да оған кеткен шығынды жастарға үй алып беруге жұмсаса нұр үстіне нұр болар еді. Шағын той 50-60 адамға жасаса дұрыс болар еді. 

СНХ: НҰРЛАН АЛТЫНПИЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Өзім жақында ғана үйлендім 26.06.26 деген әдемі датада. Тойды кредитке емес, өзіміздің ақшаға жасадық. Сол нәрсеге ақырын ақырын келе жатыр ғой. Той жасайтын адам алдын ала ойланады ғой. Қаражатым жете ме? Жағдайым жете ме деп. Кредитке той жасап оны ата-анан төлеп жүреді. Ол нәрсе негізі керек емес. Одан да үйленетін кезде алдын ала қаражат жинап дайындалу керек депе ойлаймын.

РКС: Той ұйымдастырушыларының айтуынша, соңғы уақытта халықтың талғамы өзгерген. Көпшілік қымбат сән-салтанаттан гөрі, тойдың негізгі рәсімдеріне ғана мән беріп, тойбастар, отшашу, кортеж сияқты артық шығындардан бас тартуға тырысады. Мамандар осылайша тойдың мәнін жоғалтпай-ақ, қомақты қаржыны үнемдеуге болатынын алға тартады.

СНХ: ГҮЛМИРА ТАСЕНОВА, «АТА-ДӘСТҮР» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Қазір көп адам тойды үнемдеп өткізуге тырысады. Бірақ бүгінде күйеу жігіттің, қалыңдықтың, құдалардың ерекше шығуы трендке айналды. Соған келгенде көбі ақша аямайды. Дегенмен бәрі өз қалтасына қарай жоспарлайды. Үлкен, танымал мейрамхананы таңдағандар қызметтің бәрін алады, ал қарапайым мейрамхананы таңдағандар шығынды мүмкіндігіне қарай реттейді. Мен өзім тойды несиеге ұйымдастыруға қарсымын. Банктер тойды несие арқылы өткізуді ұсынған, бірақ мен келіспедім. Егер ақшаң болса, той жаса. Ал болмаса, несие алма. Менің ойымша, той үшін несие алудың қажеті жоқ. Үлкен той жасауға мүмкіндік болмаса, 60-70 адамға шағын той өткізсе де болады. Қазір арзан бағаға асаба да, музыкант та табылады. 50 адамға арналған шағын коттедждер де бар. Ең бастысы - өз мүмкіндігіңе қарай той жасау. Несие алып той өткізуді мен мүлде құптамаймын.

STAND-UP: СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ТІЛШІ: Тойдың болғаны жақсы әрине. Бірақ оның мәні мен берекесі ысыраптың көленкесінде қалмауы керек. Тойдың сәні қымбат мейрамханада немесе мол дастарханда емес, ұлттық дәстүрдің сақталуы мен ағайынның ақ батасында. Сондықтан салтымызды сақтай отырып, артық шығынсыз, қарызға батпай-ақ той өткізуге болатынын ұмытпаған жөн.


СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ