ДИКТОР: Ішкі сауда саласындағы кәсіпкерлерді субсидиялау бағдарламасы отандық бизнестің дамуына серпін беруде. Тиімді пайыздық мөлшерлемелер мен мемлекеттік кепілдендірудің арқасында кәсіпкерлер өз бизнесін кеңейтіп, жаңа филиалдар ашып, өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Мемлекеттік қолдау бағдарламасы қандай мүмкіндіктер ұсынады және жеңілдетілген несиелер қандай шарттармен беріледі? Тілші жалғастырады.
РКС: Бұл кәсіпорын құрылыс материалдары мен металл өнімдерін сатумен 15 жылдан астам айналысып келеді. Шағын көлемдегі тауар жеткізуден бастаған компания бүгінде өңірдің үш қаласында бес филиалы мен екі логистикалық орталығы бар ірі кәсіпорынға айналды. Мұнда құрылысқа қажетті барлық материалдар сатылады. Компанияның жұмысын кеңейтуге «Даму» қорының бағдарламасы көмектесті. Жеңілдетілген несиеге көбірек тауар сатып алынып, нәтижесінде сауда көлемі артты.Сондай-ақ, жаңа филиал ашылып, қосымша жұмыс орындары пайда болды.
СНХ: РОМАН ГАЙФУТДИНОВ, КӘСІПОРЫННЫҢ ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: Бұл бағдарлама мемлекеттік қолдаудың кәсіпкерлер үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Оның көмегімен тек жобаларды жүзеге асырумен ғана шектелмей, тауар қорын көбейтіп, бизнесті дамыта аламыз. Біздің компания әлі де өсіп келеді және алдағы уақытта да кеңейе береді. Ірі жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік қолдауды пайдаланып, өңірдің дамуына және кәсіпкерліктің өркендеуіне өз үлесімізді қоса аламыз.
РКС: Даму» қоры Сауда және интеграция министрлігімен бірге ішкі сауда саласындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді. Бағдарлама арқылы кәсіпкерлер несиені жылдық 12,6 пайызбен ала алады. Қаражатты 5 жылға дейін инвестициялық мақсаттарға немесе 3 жылға дейін айналым қаражатын толықтыруға пайдалануға болады. Басты талап айналым қаражаты «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар отандық тауарларды сатып алуға жұмсалуы тиіс.
СНХ: НҰРГҮЛ БОЛЫСОВА, «ДАМУ» ҚОРЫ ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫНЫҢ БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ІЛГЕРІЛЕТУ ЖӨНІНДЕГІ БАС МЕНЕДЖЕРІ: Бағдарлама аясында кәсіпкерлер кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болса, мемлекеттік кепілдік ала алады. Бірақ бұл қолдау ойын-сауық орындары мен фудкорттары бар сауда ойын-сауық орталықтарына берілмейді. Бағдарлама тек сауда нысандарына арналған. Сондай-ақ бұл бағдарлама бойынша бұрынғы несиені қайта қаржыландыруға болмайды. Республикалық маңызы бар қалаларда қаржыландыру қарастырылмаған. Ал облыстық маңызы бар қалаларда мамандандырылған сауда нысандары қаржыландырылмайды.
РКС: Бағдарлама аясында облыстық маңызы бар қалалардағы кәсіпкерлер 3 миллиард теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады. Ал моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдарда бұл сома 1,5 миллиард теңгеге дейін жетеді.
Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша 458 кәсіпкерге 67,5 миллиард теңге көлемінде қаржы берілген. Оның ішінде Ақмола облысында 17 жобаға 2,7 миллиард теңге бөлінді.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ