ДИКТОР: Көкшетауда жастардың дамуына бағытталған «Jastar Talks» мотивациялық кездесу өтті. Диалог алаңында арнайы шақырылған спикерлер мен белсенді жастар бас қосып, тұлғалық даму, тиімді қарым-қатынас және көшбасшылық дағдыларды жетілдіру мәселелерін талқылады.
РКС: Кездесу еркін форматта өтті. Диалог алаңында спикерлер өз тәжірибелерімен және жетістіктерімен бөлісті. Ал жастар өкілдері өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, пікір алмасты.
СНХ: АЙША АЛТЫНБЕК, ВОЛОНТЕР: Бұл кездесудің негізгі мақсаты жастар өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру және мұндай кездесулерде қатысушылар түрлі сала мамандарының, блогерлер мен спикерлердің өмірлік тәжірибесін тыңдап, өздеріне қажетті ақпарат ала алады. Бүгінгі шараның спикері фельдшер Жанас. Ол өзінің кәсіби жолы мен тәжірибесі туралы айтып, жастарға пайдалы кеңестерімен бөлісті. Кездесудің басты мақсаты жастардың жаңа дағдыларды меңгеруіне, соның ішінде икемді дағдыларын игеруіне ықпал ету.
РКС: Спикерлердің бірі фельдшер Жанас осыдан жарты жыл бұрын өзінің жеке блогын жүргізе бастады. Бүгінде жас маман медицина саласындағы қызметі туралы айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісуде.
СНХ: ЖАНАС АСЫЛБЕКҰЛЫ, ФЕЛЬДШЕР: Жеке блогымды осыдан жарты жыл бұрын жүргізе бастадым. Сол уақыттан бері түрлі пікірлер айтылды, көп жағдайда түсінбеушілік пен жағымсыз пікірлер де болды. «Мұны не үшін жасап жүрсің?» деген сұрақтар да кездесті. Алайда уақыт өте келе мені қолдайтын адамдар көбейе бастады. Сонда мен адамдарға пайда әкеліп, белгілі бір жағдайларды дұрыс түсіндіруге, дұрыс бағыт көрсетуге үлес қосып жүргенімді түсіндім. Бұл маған үлкен мотивация берді. Қазір де алға қарай ұмтылып келемін және тек алға қадам басуды жалғастыра беремін.
РКС: «Jastar Talks» жобасы өңір жастарын қолдау мақсатында жүзеге асырылуда. Жобаның басты міндеті жастар мен түрлі салада жетістікке жеткен мамандар арасында еркін қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін ашық диалог алаңын қалыптастыру.
СНХ: АҚБОТА НҰРБЕКҚЫЗЫ, «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ МАМАНЫ: Бұл жоба аясында әртүрлі спикерлер өзінің саласында белсенді білікті мамандар жиналып, өзінің жеке басынан өткен қызықты сәттермен бөлісіп, сонымен қатар жастарға дамуына жол ашып береді.Бұл жоба аясында біз жастарымызды жаңа қырынан танып, дамытуға арнап сонымен қатар олардың халық арасында және де тағы да басқа жағдаяттарда өзін еркін ұстауға арналған мотивациялық жоба болып табылады
РКС: «Jastar Talks» форматындағы кездесулер жастардың өз әлеуетін ашуына және кәсіби тұрғыда дамуына мүмкіндік береді. Жалпы, биыл жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған тағы бірнеше іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ