ДИКТОР: Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Көкшетаудағы 150 орындық оңалту орталығының құрылысымен танысты. Сондай-ақ, әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жауапсыз мердігердің салғырттығынан нысанның құрылысы біраз тұралаған болатын. Бүгінде сот шешімімен мердігер ауысты. Сонымен бірге нысанның жобалық-сметалық құжаттамасына да түзетулер енгізілді. Бұл жаңа мердігердің жұмысты тездетіп жалғастыруына сеп болды. Қазір ол құрылысты өз қаражаты есебінен жүргізуде. Жұмыс қыза түскен. Айта кетейік, 150 орындық оңалту орталығы ерекше қажеттілігі бар адамдарға денсаулығын қалпына келтіріп, толыққанды өмірге оралуға мүмкіндік береді. Мұнда жылына шамамен 1500-ден астам адаға медициналық қызмет көрсетілмек. Елімізде осындай тағы 4 оңалту орталығы салынып жатыр.