ДИКТОР: Целиноград ауданында халықаралық «Jańa Dala / Green Day – 2026» көрмесі басталды. Ауқымды шараға ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер, инвесторлар мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген диқандар қатысуда. Кездесудің басты тақырыбы ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи технологиялар мен агробизнесті дамыту.
РКС: 10-шы халықаралық «Jańa Dala / Green Day – 2026» агрокөрмесі «Ақтық» агрофирмасының демонстрациялық алқаптарында өтіп жатыр. Биылғы көрмеге әлемнің 27 елінен 200-ден астам компания қатысуда. Көпшілік назарына ауыл шаруашылығына арналған заманауи техника, агродрондар, роботтандырылған жүйелер және өзге де инновациялық шешімдер ұсынылды. Көрменің басты мақсаты агроөнеркәсіп кешеніндегі озық технологияларды таныстырып, Қазақстан агросекторының болашақ даму мүмкіндіктерін көрсету.
СНХ: ӘДІЛХАН САҒЫМБАЕВ, «JAŃA DALA / GREEN DAY 2026» КӨРМЕСІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ: Әр көрмеміз ерекше болады. Биыл шараға келген қонақтардың бәрі бізді құттықтап жатыр. Әсіресе ауа райының қолайлы екенін айтып, былтырғы жылмен салыстырғанда үлкен айырмашылық бар екенін жеткізуде. Былтыр Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Осыған байланысты мерейтойлық көрмеде дәл осы мамандықтарға арналған бірқатар байқаулар ұйымдастырдық. Сонымен қатар биыл көрмеде Қазақстанның ең үздік генетикасына ие 79 асыл тұқымды бұқа ұсынылып отыр.
РКС: Биылғы көрмеге мыңдаған сала маманы қатысуда. Мұнда ауыл шаруашылығы техникасының көрмесімен қатар тәжірибелік шеберлік сабақтары мен семинарлар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара тәжірибе алмасуда. Форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген диқандармен бірге Австрия, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Нидерланд, АҚШ, Франция және Жапонияның халықаралық компанияларының өкілдері де қатысуда.
СНХ: ЖАК ШАЗАЛЕ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САММИТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Франциядағы Халықаралық мал шаруашылығы саммитінің президентімін. Саммит өкілдері былтыр да «Jańa Dala» көрмесіне келген болатын. Себебі ұйымдарымыз арасында тығыз әрі нәтижелі ынтымақтастық орнаған. Бұл көрме біз үшін аса қызықты, өйткені ол тікелей диқандарға, мал өсірушілерге де, егін шаруашылығымен айналысатындарға да бағытталған. Франция мен Қазақстан арасындағы осы салалардағы ынтымақтастықтың әлеуеті өте жоғары екеніне көз жеткізіп отырмыз.
РКС: Ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қатысты. Өңір басшысының айтуынша, мұндай ауқымды шараның өтуі Ақмола облысының еліміздегі жетекші аграрлық өңірлерінің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Jańa Dala» жыл сайын жаңа идеялармен, тың жаңалықтармен және заманауи технологиялармен бөлісетін маңызды алаң. Бүгінде бәсекеге қабілетті болу үшін ең озық, ғылыми тұрғыдан негізделген технологияларды енгізу қажет. Нәтижесін өз көзімізбен көріп отырмыз. Жерді дұрыс өңдеп, жаңа технологияларды тиімді қолдансақ, жер де өз қайтарымын береді. Соңғы екі жылда бұрын-соңды болмаған мол өнім алып келеміз. Сонымен қатар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды да ерекше атап өткен жөн. Биыл Ақмола облысының агроөнеркәсіп саласына 300 миллиард теңгеден астам мемлекеттік қолдау көрсету жоспарланып отыр.
РКС: Шара барысында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілді. Сала үздіктеріне Алғыс хаттар, медаль және құрмет грамоталары табысталды. Солардың бірі ауыл шаруашылығы саласында 19 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Нұрсұлтан Сопиев.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: НҰРСҰЛТАН СОПИЕВ, «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ: Бүгін Ақмола облысының әкімінен марапат алдым. Еңбегіміздің еленіп, бағаланғаны өте қуантады. Бұл әрі қарай да аянбай еңбек етуге үлкен серпін береді. Алдағы уақытта да жұмысымызды жалғастырамыз.
РКС: Басты оқиғаның бірі - ет бағытындағы ірі қара мал тұқымдары арасындағы Ұлттық байқау болмақ. Республикалық асыл тұқымды палаталар «Jańa Dala / Green Day – 2026» жобасы аясында «Үздік бұқа» номинациясы бойынша абсолютті чемпионды анықтайды. Жеңімпазға бас жүлде ретінде жаңа трактор табысталады. Байқау соңында ашық аукцион өтіп, асыл тұқымды шаруашылықтар мен инвесторлар үздік бұқа-өндірушілерді сатып алу мүмкіндігіне ие болады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ