ДИКТОР: Бір пластик бөтелке табиғатта шамамен 450 жылға дейін ыдырамай жата береді. Ал бір батарейка мыңдаған литр суды ластай алады. Қоқыс жәшігіне тасталған қалдықтардың бірі қайта өңделіп жаңа өнімге айналса, енді бірі жылдар бойы табиғатты улайды. Осы өзекті мәселені кеңінен түсіндіру мақсатында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен облыстық, аудандық және өңірлік ұйымдардың жетекшілері, волонтерлік ұйымдардың басшылары мен эко-волонтерлерге арналған «Экологиялық қалдықтар» тақырыбында арнайы шеберлік сағаты өтті.
РКС: Қоршаған ортаны қорғау - әлемдік деңгейдегі ең өзекті мәселенің бірі. Халық санының көбеюі, өндіріс көлемінің артуы және тұтыну мәдениетінің өзгеруі салдарынан тұрмыстық қалдықтардың көлемі жыл сайын еселеп өсіп келеді. Және бұл тақырыпқа арнайы танымдық шеберлік сағатын өткізу халықтың қалдықтарды дұрыс сұрыптау мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаның ластануын азайтуға және экологиялық мәселелердің алдын алуға ықпал етеді,-дейді мамандар.
СНХ: ДИДАР ХАМЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Шеберлік сағаттың мақсаты жастарға жастар ресурстарының басшыларына өздерінің өңіріндегі «Таза Қазақстан» акциясын қалай ілгерілету, жұмысты қалай бейімдеу туралы үйрету. Тақырып эко қалдықтар. Яғни сұрыптауға арналған, өндіруге арналған түрлі био қалдықтардың барлығын қалай қайта қолдануға болатынын жетілдіру.
РКС: Шеберлік сағатында электронды қалдықтарға ерекше назар аударылды. Пайдаланудан шыққан телефондар, компьютерлер, батарейкалар мен аккумуляторлардың құрамында сынап, қорғасын, кадмий сияқты ауыр металдар кездеседі. Олар арнайы өңдеуден өтпесе, топырақ пен жер асты суларына тарап, адам ағзасына елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан эко волонтерлер осыған назар аударту мақсатында іс шараларды жиі өткізетінін атап өтті.
СНХ: ДАНИАЛ ЖАҒҰПАР, ЭКО ВОЛОНТЕР: Мен эковолонтер ретінде экологиялық сананы жаңғыртуға байланысты шаралардың жүргізілуі өте маңызды деп ойлаймын. Эко волонтерліктің және экологиялық дағдарыстардың өзектілігі күн сайын артып келеді. Сол мақсатты көздей отырып, түрлі шараларға шығамыз. Бұл біз үшін маңызды
РКС: Тамақ қалдықтары, көкөніс пен жеміс-жидек қабықтары, жапырақтар сияқты органикалық қалдықтар дымқыл фракцияға жатады. Ал қағаз, картон, пластик, шыны және металл секілді қайта өңдеуге болатын материалдар құрғақ фракция ретінде бөлек жиналады. Осындай қарапайым сұрыптау жүйесін әр азамат ескерсе, қайта өңдеу үдерісі жеңілдеп, полигондарға түсетін қалдық көлемі азаяр еді,- дейді ұйымдастырушылар.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ