ДИКТОР: Шілденің 26-сында Қосшы қаласының шаһар мәртебесін алғанына 5 жыл толады. Осы уақыт ішінде шаһарда көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асты. Қазір қалада жаңа тұрғын үйлер, мектеп, аурухана және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жалғасып жатыр. Қосшының бүгінгі тыныс-тіршілігімен тілшіміз Евгений Варанкин танысып қайтты.
РКС: Үш жыл бұрын Қосшыда заманауи мектеп-гимназия пайдалануға берілді. Білім ордасында арнайы жабдықталған пән кабинеттері жұмыс істейді. Оқушылар сапалы біліммен қатар қыш өнерін, музыканы меңгеріп, тіпті көлік жүргізу ісінің негіздерін де үйренуге мүмкіндік алған. Қазір қалада жаңа мектеп, аурухана және өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысы жалғасып жатыр.
STAND-UP: ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТІЛШІ: Бес жылда Қосшы қаласы қарқынды дамып жатыр. Осы уақыт ішінде 500-ден астам тұрғын жаңа пәтер кілтін алды. Қазір жаңа аурухана және мектеп салынып жатыр.
РКС: Жаңа мектеп 1500 оқушыға шақталған. Аумағы шамамен 15 мың шаршы метр білім ордасын келер жылдың көктемінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңа нысан қаладағы оқушы орындарының санын арттырып, халық санының өсуіне байланысты білім беру саласына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
СНХ: АЗАМАТ ҚАПЫШЕВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Әлеуметтік нысандардың салынуы кез келген елді мекен үшін маңызды. Ал Қосшы үшін оның маңызы ерекше. Себебі көші-қон өсімі бойынша қаламыз облыста ғана емес, республикада алдыңғы орында тұр. Халық саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан жаңа мектептер, ауруханалар мен мәдениет нысандарын салу – уақыт талабы. Қала тұрғындарының шығармашылық әлеуеті де жоғары. Мұны облыстық көркемөнерпаздар байқауында ұжымдарымыздың үш жыл қатарынан жеңімпаз атанып, бас жүлде иеленуі дәлелдейді.
РКС: Қоғамдық мәдени-спорттық кешен қала тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыратын көпфункционалды орталыққа айналған. Мұнда кинотеатр, кітапхана, спорт және хореография залдары, коворкинг, шығармашылық студиялар мен робототехника кабинеттері жұмыс істейді. Балалар мен ересектерге арналған түрлі үйірмелер, концерттер мен көрмелер тұрақты өткізіледі.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Қалада бір ауысымда 1500 адамға дейін қабылдайтын «VIAMEDIS» емханасы жұмыс істейді. Сонымен қатар 350 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Медициналық мекемеде хирургия, ортопедия, гинекология, травматология, урология және кардиология бөлімдері ашылады. Жобаның жалпы құны 29 миллиард теңге.
СНХ: НҰРЛАН КАСИМОВ, «VIAMEDIS» КОМПАНИЯСЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Орталық іске қосылғаннан кейін тек ғана Қосшы қаласының тұрғындарын емес, Астана маңайындағы 7 ауданның тұрғындарына көмек көрсетеді. Барлық көмек тегін. Қазір емхана жұмыс істеп жатыр, қаңтар айынан бастап. Ал аурухананың іске қосылу мерзімі осы жылдың 4-ші тоқсаны. Емхананың мамандары толық жұмыс істеп жатыр. Ауруханаға мамандарды біз іріктеп, олар жұмысқа келуге дайын болып отыр.
РКС: Қосшыда әлеуметтік нысандармен қатар инженерлік инфрақұрылым да жаңғыртылып жатыр. Биыл қазандықтың қуатын арттыру арқылы жылу тапшылығын азайту көзделген. Бірнеше көшеде жол жөндеу және жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ал индустриялық аймақта жаңа өндіріс орындары кезең-кезеңімен іске қосылып, шамамен 3 мың адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ