ДИКТОР: Соңғы тәулік ішінде өңірде құрғақ шөптің жануына қатысты 7 өрт ошағы сөндірілді. Басты себеп¬- күн күркіреп, найзағайдың түсуі. Өрт сөндірушілер жалын ошақтарын бірден ауыздықтады.
РКС: Кеше Атбасар, Ерейментау, Астрахан, Бурабай, Аккөл аудандарында құрғақ шөп өртенді. Жалынның аумағы 250 гектарды құрады. Құтқарушылар мен өзге де қызмет өкілдерінің жедел қимыл-әрекетінің күшімен тілсіз жау елді мекендерге таралған жоқ.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өзге де сала мамандарымен бірге тұрақты түрде далалық аймақтарда, сонымен қатар егу, жинау жұмыстары жүріп жатқан аймақтарға рейдтік-алдын алу шараларын жүргізеді. Соған қарамастан түрлі оқыс оқиғалар орын алып жатады. Далалық және орман алқаптарында өрт көбінесе найзағайдың түсуінен болады.сондай-ақ тұрғындардың да салғырттығы әсер етеді.
РКС: Мұнымен қоса өрттің шығуына себепші ¬- қоқыс қалдықтарының тасталуы.Мысалы, темекінің тұқылы немесе сынған әйнек те күннің көзінде қызып, өрттің тұтануына әкеліп соғады. Сондай-ақ биылғы аптап ыстық жағдайды ушықтырып тұр. Аптаның алғашқы күні ғана 3 шөптесін жамылғысы өртенді.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Өрт оқиғалары Ерейментау, Целиноград және Бурабай аудандарында орын алды. Жалпы аумағы 22,5 гектар. Үш оқиғада да найзағай түскен. Шақырту түскен сәтте төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдары оқиға орнына жетті. Тілсіз жау аз ғана уақытта ауыздықталды.
РКС: Күннің күрт ысуы өңірде өрттің қаупін жоғарылата түсетіні сөзсіз. Төтенше жағдайлар департаменті рұқсат етілмеген жерлерде от жақпауды, қоқыс қалдықтарын, сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастамауды және ауыл шаруашылығы техникасымен жұмыс істеген кезде көбік сөндіргіштерін қою қажеттігін ескертеді және соны талап етеді.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ НАИР ЗАХОВАЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ