ДИКТОР: Жаздың әр ашық күні ауыл шаруашылығы үшін алтын уақыт. Жарқайыңда мал азығын дайындау науқаны қарқын алды. Диқандар қысқы кезеңге қажетті қорды толықтыру үшін ауа райының әр қолайлы сәтін тиімді пайдалануда.
РКС: Шаруалар үшін басты міндет - мал қыстан қысылмай шығатындай сапалы жем-шөп қорын уақытылы әзірлеу. Жарқайыңдық шаруалар биыл 38 мың тонна шөп дайындауды межелеп отыр. Қазірдің өзінде 22 мың тоннаға жуығы қамдалып, жоспардың жартысынан көбі орындалды.
СНХ: БІРЖАН ХАСЕНЕЕВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Егін жинау науқаны басталғанға дейін мал азығын толық дайындап алу қажет. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері арасындағы жақсы көрсеткішке қол жеткізген «Тамерлан» шаруашылығын атап өткім келеді. Шаруашылықта мың гектарға жуық суармалы жер бар. Мұнда заманауи, интенсивті технология бойынша біржылдық және көпжылдық шөптер, сондай-ақ жүгері өсіріледі. Қазір алқаптарда сиыржоңышқа-сұлы қоспасы шабылып, одан сүрлем мен жасыл азық дайындалуда. Бұл жұмыстар аяқталған соң шаруашылық жүгері жинауға кіріспек. Шарауашылықта жылқы, ұсақ және ірі қара мал, соның ішінде сүтті бағыттағы сиырлардан құралған үлкен мал басы бар.
РКС: Жаздың бір күні - жылға азық деген. Аудан шаруашылықтарында шабындық жұмыстары қыза түскен. Әрбір техника алқапта. «Тамерлан» шаруашылығы бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мұнда мал азығын дайындауға ерекше көңіл бөлінген.
СНХ: ӘЛІШЕР ТЕМІРБЕК, ЖҰМЫСШЫ: Мен осы қожалықта төрт жыл жұмыс істеп жатырмын, төртінші жыл. Бүгін біз сенажға дайындалып жатырмыз. Бұл вика мен овес. Кеше бастадық, сол ертең бітіруіміз керек. Үш күн, сол мерзім өткенен кейін, уборкаға дайындаламыз, комбайндарды дайындаймыз. Уборкаға 1 августа шығамыз.
РКС: Мал азығын молынан дайындау - қыстағы тұрақтылықтың кепілі. Шаруалар жұмысты уақытылы аяқтап, сапалы өнім алуды мақсат етіп отыр.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ