ДИКТОР: Климаттың өзгеруі бүгінгі таңда бүкіл әлемді алаңдатқан ең өзекті мәселенің бірі. Сондықтан климаттың өзгеруіне бейімделу мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Көкшетауда алғаш рет «Азаматтық қоғам мен үкімет арасындағы сұхбат-өмір сүру сапасын арттыру жолы» жобасы аясында «Климаттық саясаттағы азаматтық қатысу: қоғамдық сараптамадан жергілікті шешімдерге дейін» атты тренинг-семинар өтті.
РКС: Шара «Таза вектор» жобасы аясында «Ангел» қоғамдық бірлестігі мен «ЭлитАгро» қоғамдық қорының бірлескен ұйымдастыруымен өтті. Семинар Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Қатысушылар Қазақстанның климаттық міндеттемелерінің орындалуына жүргізілетін тәуелсіз қоғамдық сараптама тетіктерімен танысып, өңірлік деңгейдегі климаттық тәуекелдер мен оларды еңсеру жолдарын талқылады.
СНХ: АЙГҮЛ ҚҰРМАНБАЕВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЭКОЛОГИЯ МАМАНДЫҒЫ БОЙЫНША ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ПРОФЕССОРЫ: Біз күнделікті тұтынатын қарапайым заттарға мәселен, шамдарға, қағазға, азық-түлікке, киімге деген көзқарасымызды өзгерту туралы ойлануымыз керек. Өйткені климатқа тигізетін әсерімізді азайту ең алдымен өзімізден басталады. Ол үшін тұтыну көлемін қысқартып, қолдағы ресурстарды барынша үнемді әрі ұтымды пайдалануымыз қажет.
РКС: Бүгінде климаттың өзгеруіне бейімделу мәселесі еліміздің бір қатар қалаларында талқыланып отыр. Ал, алдағы жылдары жергілікті атқарушы органдарға өңірлік климаттық бейімделу жоспарларын әзірлеу міндеті жүктеледі. Жалпы бұл әлемдік маңызы бар тақырып, өңірлік деңгейде де кеңінен талқыланбақ.
СНХ: ИРИНА ТЕРЕНТЬЕВА, «АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Мұндай семинарларды қаржыландыратын Еуропалық Одақ сияқты ірі қоғамдық донорлар өңірлердегі климаттық саясат мәселелерін көтеріп, осы бағыттағы бастамаларды қолдауда. Қазір бұл семинар Актөбе қаласында және Ақмола облысының Атбасар ауданында жүзеге асырылуда. Яғни біз алғаш рет осындай деңгейде климат, ауа райының өзгеруі және барлық қолда бар ресурстарымыздың осы үдерістерге дайындығы туралы ашық түрде талқылай бастадық.
РКС: Бұл бағытта азаматтық қоғамның белсенділігі мен сарапшылардың тәжірибесі маңызды рөл атқарады. «Ангел» қоғамдық бірлестігі 25 жылдан астам уақыт бойы азаматтық қоғамды дамыту, экология және климаттық саясат салаларында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының аккредиттелген бақылаушысы ретінде халықаралық деңгейдегі бастамаларға қатысып, өңірлік климаттық желінің мүшесі ретінде тәжірибе алмасуға үлес қосуда.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ