ДИКТОР: Еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық күшейді. Синоптиктердің болжамынша, алдағы үш күнде Ақмола облысында сынап бағанасы 35 градусқа дейін, ал өңірдің батысында 40 градусқа дейін көтеріледі. Ауа температурасының қалыпты межеден жоғары болуы дала және орман өртінің шығу қаупін де арттырып отыр. Осыған байланысты мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
РКС: Биыл өрт қаупі кезеңі басталғалы Ақмола облысының мемлекеттік орман қоры аумағында 32 орман өрті тіркелді. Жалпы 36 гектардан астам аумақты жалын шарпыған. Оның 5,1 гектары -орман алқабы. Мамандардың айтуынша, өрттің басым бөлігі найзағайдың салдарынан туындаған. Дегенмен мамандар аптап ыстық пен құрғақшылық кезінде адам әрекетінен шыққан бір ғана ұшқынның өзі ірі өртке ұласуы мүмкін екенін айтады. Осы ретте өңірде жерүсті және әуе арқылы патрульдеу күшейтіліп, өрт ошақтарын ерте анықтау жүйесі тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
СНХ: АРМАН ТҰРЫМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Облыста орман өрттерін ерте анықтау жүйесі жұмыс істейді. Ол 8 мемлекеттік орман иеленуші мен 5 коммуналдық орман шаруашылығы мекемесінде орнатылған. Жүйе автоматты түрде түтін мен жылу ошақтарын анықтап, ақпаратты жедел жеткізеді. Барлық термонүктелер тәулік бойы кезекшілік атқаратын операторлар тарапынан мұқият тексеріледі. Мамандар оның табиғи құбылыс па, әлде өрттің белгісі ме екенін анықтап, қажет болған жағдайда тиісті қызметтерді дереу оқиға орнына жібереді. Бұл өртті бастапқы кезеңде анықтап, оның ауқымды таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
РКС: Ал жыл басынан бері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 12 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар табиғат аясында белгіленбеген жерде от жағып, қауіп төндірген үшін айыппұл арқалаған. Мамандар мұндай әрекеттер аптап ыстық кезінде өрт қаупін бірнеше есе арттыратынын ескертеді.
СНХ: ГҮЛЖАН БАЙМҰҚАНОВА, "ҚАЗГИДРОМЕТ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ: Алдағы 3 күнде аймақта аптап ыстық сақталады. Яғни, өрт қаупі де жоғарылай түседі. Оңтүстіктен келген жылы ауа массаларының әсерінен 9-11 шілде аралығында күндіз ауа температурасы 30-35 градусқа дейін көтеріледі. Ал облыстың батыс бөлігінде 40 градусқа дейін жетуі мүмкін. Өңірдің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
РКС: Бүгінде аймақта өрт қауіптілігінің төтенше деңгейі сақталып отыр. Өз кезегінде мамандар мұндай күндері қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керегін ескертеді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ