ДИКТОР: Көкшетауда Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті. Қаланың жаңа жағалауында ұйымдастырылған мерекелік шараға мыңдаған тұрғын мен қала қонағы жиналды. Бағдарлама аясында дәстүрлі өнер фестивалі өтті. Сонымен қатар көрермендерге ұлттық мұраны насихаттауға бағытталған көрмелер ұсынылды.

РКС: Мереке тақырыптық көрмелерден басталды. Келушілерге қазақ халқының рухани мұрасы, күй өнерінің тарихы және ұлттық салт-дәстүрге арналған экспозициялар ұсынылды. Сондай-ақ, «Көне домбыра» және «Музейге жәдігер сыйла» республикалық акциялары ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттауға ерекше көңіл бөлінді.

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: НҰРҒИСА ДӘУЕШОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Президентіміз ұлттық домбырамыз қазақ халқының брендіне айналу керек деп айтқан болатын. Әрине бұл біздің өнерімізге деген, мәдениетімізге деген үлкен құрмет деп есептейміз. Осы тарапта мемлекет басшысының өзі бастаған осындай үлкен серпіністен кейін біздің өнеріміздегі өнерпаздарымыз да үлкен құлшыныспен осы мерекені атап өтіп, жалпы бұл тек қана достықтың мерекесіне айналып жатқанын өзіміз байқап отырмыз. 

РКС: Ұлттық домбыра күні бүгінде ұлттық өнерді ұлықтайтын ғана емес, қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын маңызды мерекеге айналып келеді. Мұндай шаралар жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге қызығушылығын арттырып, қазақ халқының мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

СНХ: НҰРБЕК НҰРАЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Музей қызметкерлері болғандықтан өзіміздің 4 музей Көкшетау қаласындағы, өлкетану музейі, тарих музейі, Мәлік Ғабдуллин музейі және әдебиет және өнер музейі домбыралар шеруін жасадық. Қаншама домбыралар тұр, соның ішінде өткенде Астана қаласында болған креативтік индустрияға апарып көрсеткен домбыраларымыз – атақты Біржан сал атамыздың өзі ұстаған домбырасының нұсқасы, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Иман Жүсіптің домбыралары осы көрмеде бүгін көрініс табуда. 

РКС: Кештің басты оқиғасы «Көкше – өнер маржандары» дәстүрлі өнер фестивалі болды. Ашық аспан астындағы сахнада дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнер көрсетті. Ал 100-ге тарта мектеп оқушысы бір мезетте «Ерке сылқым» және «Шанды жорық» күйлерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Фестиваль аясында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова ұзақ жыл өзі ұстаған қасиетті домбырасын облыстық әдебиет және өнер музейінің қорына салтанатты түрде табыстады.

СНХ: БИСАРА МӘКЕНОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ: Бүгінгі тойдың тағы бір ерекшелігі жәдігер деген бөлім бар, осы бәлембай жыл, 40 жылда өзім ұстаған домбырамды әдебиет өнер музейіне жәдігер ретінде осы домбырамды табыс етіп тұрмын. Осыны қабыл алыңыздар, кейінгі ұрпаққа көрсетіп, бізден кейінгі жастарымызға үлгі болатын шығар деп, ойлаймын, жастарымыз домбырамызды ұмытпасын, ұстап жүрсін.

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Көкшенің көркем жағалауында күмбірлеген күй мен әуелеген ән кеш бойы толастамады. Ұлттық өнердің сән-салтанатын айшықтаған мерекелік кеш мыңдаған көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, домбыраның қазақ руханиятындағы айрықша орнын тағы бір мәрте паш етті.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ