ДИКТОР: Былтыр Жарқайың ауданында мемлекеттік гранттар беру жұмысы қарқынды жүргізілді. Соның нәтижесінде өз кәсібін бастап, өндірісін жолға қойған кәсіпкерлердің қатары көбейді. Солардың бірі – Львовское ауылында іске қосылған тротуар плиталарын шығаратын шағын өндіріс орны.

РКС: Жобаны Кащеевтер отбасы жүзеге асырып отыр. Кәсіпкер Оксана Кащеева былтыр «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, арнайы сертификат алған. Кейін 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік грантқа қатысу үшін Мансап орталығының филиалына өтінім береді. Оның тротуар плиталарын өндіру жөніндегі бизнес-жобасы конкурстық комиссияның қолдауына ие болды. Мемлекеттік грант есебінен қажетті өндірістік жабдықтар мен материалдар сатып алынып, цех іске қосылды.

СНХ: ДЕНИС ФРОЛОВ, МАНСАП ОРТАЛЫҒЫ ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл гранттар халықтың әлеуметтік осал топ санатына жататындар үшін өз кәсібін ашуға және жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға беріледі. Қаражатты технологиялық жабдықтарды, мал, құс, жануарлар, құрал-саймандар, тұқым сатып алуға, сондай-ақ бизнесті іске қосуға қажетті басқа да мақсаттарға пайдалануға болады. Біздің басты міндетіміз – аудан тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету, олардың өз ісін ашуына және жаңа жұмыс орындарын құруына көмектесу.

РКС: Наурыз айында алғашқы өнім шығарыла бастады. Бүгінде цех толық қуатында жұмыс істеп тұр. Қазір «Радомир» жеке кәсіпкерлігі тротуар плиталарының бес түрін шығарады. Тәулігіне орта есеппен 5-6 шаршы метр өнім өндіріледі. Тұтынушылардың сұранысына қарай тапсырыспен де жұмыс істейміз, – дейді кәсіпкер.

СНХ: ЮРИЙ КАЩЕЕВ, КӘСІПКЕР: Мемлекеттік грантқа қол жеткізген соң, тротуар плиталарын өндіруге қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарды сатып алдық. Қыс мезгілінде өндіріс орнын дайындап, барлық жабдықты орнатып, іске қостық. Қазір тротуар плиталарын шығарумен толыққанды айналысып жатырмыз. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау біз үшін үлкен демеу болды. Грант қаражатына қажетті жабдықтардың барлығын сатып алдық. Бүгінде сүйікті ісімізді дөңгелетіп отырмыз. Әзірге өндіріс көлемін ұлғайтып, тұтынушылар базасын қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бағамыз халыққа қолжетімді әрі тиімді болады.

РКС: Мемлекеттік грантқа өтінім қабылдау 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Конкурс туралы хабарландырулар алдын ала Еңбек мобильділігі орталығының ақпараттық парақшаларында жарияланады. Мемлекеттік грант - өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға берілетін қолдау. Нәтижесінде аудандарда жаңа кәсіптер ашылып, жергілікті экономиканың өркендеуіне серпін беруде.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ