ДИКТОР: Jana Dala / Green Day 2026 ауыл шаруашылығы форумы биыл Целиноград ауданынан бастау алды. Бұл жерде Қазақстанның ауыл шаруашылығы техникасын шығаратындар, жермен жұмыс істейтін мамандар, бизнес өкілдері мен ғалымдар бас қосты. Басты назар замануи технологияларға, өсімдіктерді қорғауға, ауыл шаруашылығын цифрландыруға және егін өнімділігін арттыруға аударылды.
РКС: Дала күні агроөнеркәсіптік секторда тәжірибе алмасу және озық шешімдерді алға тартуға арналған маңызды алаң. Бірінші күннің өзінде-ақ қатысушылар ауыл шаруашылық техникасының жаңа үлгілерімен, өсімдіктерді қорғау құралдарымен, минералды тыңайтқыштармен және егіс даласына қажетті цифрлық технологиялармен танысты. Биылғы жылы басты назар өсімдіктерді қорғауға аударылды. Министрлік өкілдері фермерлермен бірге зиянкестермен және арамшөппен күресу жолдарын талқылады. Әсіресе, шегіртке мен балдырдан келетін зиян көп. Жеке бөлім заманауи пестицидтерге, фунгицидтерге, өнімділікті арттыру технологияларына және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған мемлекеттік қолдау шараларына бағытталды. Фермерлер үшін аса тиімді және өзекті мәселелер төңірегінде Целиноград аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі ой бөлісті.
СНХ: МӘУЛЕТ САҒЫНТАЕВ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бүгін біз өсімдіктерді қорғауға, атап айтқанда, дақылдарды зиянкестер мен жәндіктерден қорғауға бағытталған ауқымды шара өткізіп жатырмыз. Жақында ғана жаңа техникалар – жоғары сапалы культиваторлар жеткізілді. Қазір басты мәселе – орыс балдыры. Бұл үлкен қиындық туғызып отырған зиянкес. Барлық фермер онымен күресіп жатыр, тиімді нәтижелерге қол жеткізгісі келеді. Бүгінгі бағдарламаның басты назары осында. Ауыл шаруашылығы министрлігінің, атап айтқанда, өсімдіктерді қорғау бөлімінің өкілдері арнайы келді және оларға барлық жағдай түсіндірілуде. Сонымен қатар егін шығымдылығын арттыруға сеп болатын минералды тыңайтқыштармен де танысып жатырмыз. Бұрын фермерлер өнімділікті жоғарылату жолдарын білмей келген. Қазір түрлі препараттар бар, соның арқасында мол өнім алуға болады.
РКС: Мұнымен қоса шараға қатысушылар асыл тұқымды мал, ұлттық павильондар және тақырыптық экспозициялармен жақын танысты. Заманауи ауыл шаруашылық техникалары да назардан тыс қалған жоқ. Қатысушылар үшін таныстырылым алаңдары мен оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Онда мамандар өз ұсыныстарымен бөлісіп, фермерлердің сұрақтарына жауап берді.
СНХ: МАРАЛ ЖАРҒАНАТҚЫЗЫ, НҰРЕСІЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Егінжайда қандай пайдалы және зиянды заттар болатынын бәрін түсінікті айтып, ескертіп жатыр. Және де осы жыл сайынғы өтетін астық, майлы және малазықтық дақылдарды зиянды заттардан қорғау туралы керемет осындай құрылтайлардың өтуіне атсалысып жатырмыз. Осындай шаралардың өтуі көп болсын, және де өте қуаныштамыз.
РКС: Дала күні елдегі ең үздік ауыл шаруашылығы алаңы саналады, мұнда заманауи технологиялар ұзақ жылғы егіншілік дәстүрлермен үйлесім табады. Дәл осы жерде жаңа идеялар дүниеге келеді, ғылыми қауымдастық, бизнес пен ауыл шаруашылығы өндірушілері арасындағы ынтымақтастық нығаяды және ең жақсы шешімдер Қазақстанның барлық егістік алқаптарында тәжірибеге енгізіледі. Жуырда Целиноград ауданына қарасты «Ақтық» агрофирмасының алқабында ірі халықаралық таныстырылым көрмесі өтеді. Онда 20 елдің 250 компаниясы 500 заманауи ауыл шаруашылық техникасын алға тартып, өсімдік және мал шаруашылығындағы инновациялық жаңалықтарды жария етіп, агродрондар мен роботталған фермалармен таныстыратын болады. Форумға алты мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ