ДИКТОР: Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты елде атқарушылық іс жүргізу жүйесі реформалануда. Жуырда Мемлекет басшысы сот шешімдерін орындау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған Заңға қол қойды. Құжат азаматтардың құқықтарын қорғауға, мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіруге және сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

РКС: Заңда бірқатар маңызды жаңашылдық қарастырылған. Атқарушылық құжаттарды ұсыну мерзімі өтіп кеткен ескі істерді автоматты түрде тоқтату тетігі енгізілді. Елімізде атқарушылық іс жүргізу рәсімдері жеңілдетілуде. Сонымен қатар, заңнамада көзделген жағдайларда уәкілетті орган жеке сот орындаушысын лицензиясынан айыру құқығына ие болады. Ал «Робот-сот орындаушы» цифрлық жүйесі әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша салынған шағын айыппұлдарды өндіріп алу үдерісін автоматтандырып, қағазбастылықты азайтады. Сонымен бірге жеке сот орындаушыларының қатысуын алмастырады.

СНХ: ЕРКІН ҚАБЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл жүйеде «Робот-сот орындаушы» жұмыс істейді. Оған 20-дан 40 айлық есептік көрсеткішке дейінгі атқарушылық құжаттар келіп түседі. Бұл азаматтар үшін өте тиімді, өйткені олар жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлемейді. Жеке сот орындаушылары атқарушылық құжаттарды орындауға байланысты шығындарды өндіріп алатын санат бойынша жұмыс істейді. Жаңа жүйе олардың жүктемесін айтарлықтай азайтады, себебі олардың өндірісінде атқарушылық құжаттардың саны өте көп.

РКС: Әділет департаментіне азаматтардан келіп түсетін арыз-шағымдар легі толастаған емес. Олардың бір бөлігі - атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер. Олар көбінесе сот орындаушыларының әрекеттерімен, әсіресе банктік шоттарына немесе мүлкіне тыйым салынуына келіспейді.

СНХ: ЖҰЛДЫЗ АДАМОВА, ОБЛЫСТЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Арыз иелері өздерінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруді сұрайды. Егер заң бұзушылықтар анықталса, департамент жеке сот орындаушыларына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Ал заң талаптарының бұзылғаны расталған жағдайда, оларды қолданыстағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту мақсатында материалдар Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданады.

РКС: Бүгінде Ақмола облысында 79 жеке және 10 мемлекеттік сот орындаушысы жұмыс істейді. Сонымен қатар «Тараптар кабинеті» онлайн-сервисі борышкерлер мен өндіріп алушыларға арыздарды қашықтан беруге, сондай-ақ сот орындаушысының барлық әрекетін және атқарушылық іс жүргізудің барысын қадағалауға мүмкіндік береді.

ИНДИРА СҰЛТАНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.