ДИКТОР: Көкшетау қаласы Бас жоспарға сәйкес дамып келеді. Маңызды құжат халықаралық тәжірибелерді негізге ала отырып жасалған. Мамандар дамудың басым бағыттарын, қала халқының санын, облыс орталығының аумағы мен индустриалды аумағын есепке алды. Зерттеу нәтижелері бойынша біздің шаһарға ұқсайтын канадалық Саксатун, сербиялық Ниш және финдік Оулу қалалары таңдап алынды. Көкшетаудың қазіргі келбеті жайында тілші баяндайды.
РКС: Көкшетаудың келбеті күннен күнге көркейіп келе жатыр. Облыс орталығының сәулет бейнесі өзгеріп, инфрақұрылым кеңейіп, өмір сүруге ыңғайлы шаһарға айналуда. Қаланың Бас жоспары 2025 жылға жоспарланған. Ең маңызды жобалардың қатарында ¬10 мың адамға лайықталған футбол стадионының, Қазақ драма театрының, көпсалалы облыстық аурухананың, жылу электр орталығыынң, сонымен қатар ескі үйлердің орнын алмастыратын жаңа үйлердің құрылысы бар.
СНХ БАУЫРЖАН ТӘШМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бас жоспарға қоғамдық, тұрғын жай, өндіріс аймақтары кіреді. Әуежай бағытында өндіріс аймағы кеңейді.Ол жақта жылу электр орталығының құрылысы жүріп жатыр. Уәлиханов көшесінің бойындағы жеке тұрғын үйлер ретке келтіріліп, көпқабатты үйлер бой көтерді.
РКС: Бас жоспар қала туризмін дамытып, облыс орталығын тартымды етуді көздейді. Мамандар қала сыртындағы аумақтарды жаңғыртуға баса мән беріп отыр. Болашақта Қопа, Шалқар, Имантау мен Зеренді көлдерінің маңы абаттандырылып, велосипед трассалары, демалыс аймақтары мен бақылау алаңдарын салу жоспарланған. Бұл жұмыстар Көкшетау – Зеренді-Бурабай бірыңғай туристік-рекреациондық кластер құруға мүмкіндік бермек.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Бүгінде біздің Көкшетау мүлде өзгеріп, өз сәніне келіп жатыр. Саябақтар жаңарып, балаларға барлық жағдай жасалуда. Біріншіден, бұл бұрынғы Көкшетау емес. Қазір қаламыз дамып, жаңа серпін алып келеді. Әкімдік қаланы көркейтіп, сәндеп жатыр. Мысалы, жағалауды қараңыздаршы — қандай әдемі болып жасалған. Келіңіздер, демалыңыздар.
- Көкшетау қаласы соңғы жылдары өте көрікті, әдемі болып жатыр. Оған, мысалы, мына жерде ашылған вечный огонь. Содан бастап, үлкен, қалай Көкшетау қаласының бағы ашылды. Одан набережная, біздің жаңа өте әдемі болып бара жатыр. Күннен-күнге әдеміленіп, әдемі құрылыстар салынып жатыр. Енді біздің әкімімізге көптен-көп алғысымызды айтамыз. Ол кісінің осы жерде еңбегі енді өте ерекше, өте күннен-күнге Көкшетау қаласы көркейіп жатыр.
РКС: Көкшетау - 200 мыңнан астам тұрғыны бар, 60 кәсіпорын жұмыс істейтін өндіріс орталығы. Жаңа Бас жоспарға сәйкес 2050 жылға қарай қала халқының саны 500 мыңға өсуі мүмкін деген болжам бар.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.