ДИКТОР: Өңірде құрылыс жұмыстары қарқын алып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Құрылысшылар ғимараттардың қаңқасын тұрғызып, қабырғаларын қалап, қауіп-қатері мол еңбек алаңында тынымсыз тер төгуде. Жауапкершілігі жоғары, тәуекелі басым салада қарапайым жұмысшылардың құқығы мен қауіпсіздігі қаншалықты қорғалған? Тілші баяндасын.
РКС: Соңғы 3 жылда Ақмола облысында 18 құрылыс кәсіпорнында өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан 19 жұмысшы зардап шекті. Оның 9-ы көз жұмды. Өкінішке қарай, биыл бұл көрсеткіш әлдеқайда өскен. Жыл басынан бері өңірдегі құрылыс алаңдарында 35 жазатайым оқиға тіркеліп, 4 адамның өмірін қиды. Жазатайым оқиғалардың алдын алу және құрылыс саласындағы еңбек қауіпсіздігін күшейту мақсатында Көкшетау қаласында арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар құрылыс алаңындағы жұмысшылардың қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерді анықтап, оларды жоюға ықпал етеді.
СНХ: ФАИМ ЖҰМАБЕКОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Негізінен қауіпсіздік техникасы талаптары бұзылған. Құрылыс нысандарында ескерту және ақпараттық белгілер, арнайы жұмыс киімі мен жеке қорғаныс құралдары жоқ. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумақ көп ретте қоршалмайды. Жүргізілген мониторинг қорытындысына сәйкес кәсіпорын басшылығына анықталған заңсыздықтарды жою және олардың қайталануына жол бермеу жөніндегі ұсынымдарды қамтыған түсіндірме хат жолданады.
РКС: Жұмыс тобының құрамына қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, жауапты сала мамандары мен тәуелсіз сарапшылар кіреді.
СНХ:УАҚЫТ БЕЙСЕМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Инспекцияның негізгі мақсаты болған жағдайды зерттеп, тергеу, айыппұл салу емес, осындай жағдайларды болдырмау, алдын алу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. 2-ші мәселе жаз айында кәмелеттік жасқа толмаған жас балалар демалысын пайдаланып ақша тапқысы келеді. Бірақта жұмыс берушілер кәмелеттік жасқа толмаған балаларды қабылдағанда заң нормаларын сақтау керек. Ата-аналарынан немесе өкілдерінен қолхат алу керек, жұмыс уақытының шектеуі бар дегендей. Сосын ең бірінші еңбек шартын жасау керек.
РКС: Жұмыс тобы маусымның 12-нен бастап жұмысқа кірісті. Олар аз уақытта атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды. 6 құрылыс нысанына мониторинг жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарын бұзудың 15 фактісі анықталды. Талаптарды орындамаған құрылыс нысандарының басшылығына кемшіліктерді түзетуге қатысты ұсыным хат жіберілді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ