ДИКТОР: Жаздың берекелі кезеңі басталып, жидек маусымы қыза түсті. Биыл қолайлы ауа райының арқасында өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда мол болады деген болжам бар. Қазір базар сөрелері құлпынай, таңқурай, қарақат және басқа да маусымдық жидектерге толы. Жаңа жиналған өнімге сұраныс та жоғары. Жидек маусымы ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін ғана емес, қала тұрғындарына да қосымша табыс табудың тиімді көзіне айналып отыр. 

РКС: Томирис Сансызбаева үшін жидек теру бала күнінен қалыптасқан еңбек. Анасының қасында жүріп, таңның атысы мен күннің батысына дейін еңбектенудің қадірін ерте ұғынған. Сондықтан бұл кәсіпті ол жай ғана маусымдық жұмыс емес, даладан табылған адал табыс деп біледі. Томиристің күні таңғы сағат 4-те басталады. Бір күннің өзінде 20–30 литрге дейін өнім жинайды. Алайда еңбек мұнымен аяқталмайды. Жиналған жидекті сұрыптап, тазалауға тағы 4-5 сағат кетеді. Содан кейін ғана өнім тұтынушыға жол тартады.

СНХ:ТОМИРИС САНСЫЗБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Біз дайын өніммен келеміз. Олар тазартылған күйінде сатылады, бағасы шамамен 15 мың теңге. 2 литрлік ыдыстағы жидектің құны 6 мың теңгеден сатылады. Яғни бір литрі 3 мың теңгеден шығады. Неге біз тазартылмаған жидектерді сатпаймыз? Себебі қоқыс көп шығады. Ал біз тазалап сұрыптаған кезде, өнім көлемі шын мәнінде көбірек болуы керек екенін байқаймыз. Оның үстіне, бұл тұтынушылар үшін де ыңғайлы.

РКС: Тұтынушылардың бір бөлігі тазаланған өнімді таңдаса, енді бірі бағасы қолжетімді 2 есе арзан, жаңа ғана терілген жидектерді сатып алуда. Осылайша, әр тұтынушы өз мүмкіндігі мен талғамына қарай өнім түрін таңдайды.

СНХ:ЖАНАТ АХМЕТОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Жидек сатып алдым. Естідім осы витамині көп деп. Көп аурудан сақтайды. Сол қазір көреміз. Ұнаса тағы келіп аламыз. Мен мынаны қымбатқа алған жоқпын 5 мың теңгеге алдым. 

РКС:Ақмола облысында шағын бау-бақша және жылыжай шаруашылығымен айналысатын ұсақ шаруалар көптеп кездеседі. Әсіресе Сандықтау ауданына қарасты ауылдарда бұл бағыт жақсы дамып, кең қанат жайған. Бұл кәсіп жергілікті тұрғындарды маусымдық және тұрақты жұмыспен қамтып отырған маңызды салаға айналып отыр. 

СНХ: МӘРӘЙ ЕСЕРГЕПОВА, САТУШЫ: Осымен күн көріп отыр. Осымен жұмыс істейді. Жұмыс жоққой көп жерлерде. Өте натуральный свежий тауар. Қорықпай алып жеуге, қайнатуға, балаларға беруге болады. Кеше берді, бүгін сатылып жатыр. алыңыздар, жеңіздер, қайнатыңыздар. 

РКС: Жеміс-жидек науқанымен қатар тосап қайнату маусымы да басталды. Қаладағы дүкендер мен сауда орталықтарында қанттың бағасы 450–550 теңге аралығында болса, әлеуметік сауда нүктелерінде тіптен 420 теңгеден. Дегенмен қала тұрғындары қант бағасына аса мән бере бермейді. Себебі олардың басым бөлігі жеміс-жидекті тосапқа айналдырғаннан гөрі, оны мұздатылған күйде сақтауды жөн көреді.

СНХ: ТАТЬЯНА КИРЬЯНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мен қанттың бағасы қанша екенін де білмеймін. Себебі мен тосапты қантпен қайнатпаймын. Мен жидектерді мұздатып қоямын, кейін шайға қосып ішемін. Жалпы қантты мүлде қолданбаймын.

СНХ: ДИЛЯРА АХАТҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Келінім 50 келі қант ұтып алды. Сондықтан бізге тосап қайнату арзаныраққа түседі. Жидектерді де, құлпынайды да сатып аламыз. Қалада дүрбелең жоқ, қант жеткілікті.

РКС: Жеміс-жидек маусымы қала мен дала тіршілігін қатар жандандырып отыр. Бірі табиғи өнімді мұздатып сақтауды жөн көрсе, енді бірі тосап қайнатып, қысқа қор жинауда. Қант бағасына қатысты алаңдаушылық жоқ. Бұл нарықта қант өнімінің қоры жеткілікті сақталғанының айқын көрінісі. 

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ