ДИКТОР: Бүгін өңірдегі барлық колледждерде жаңа оқу жылына арналған құжат қабылдау науқаны басталды. 25 маусымнан бастап талапкерлер сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша, сондай-ақ техникалық, педагогикалық, медициналық және қызмет көрсету салаларына қатысты білім беру бағдарламаларына өтініш бере алады. Қабылдау науқанының ерекшеліктері мен талапкерлерге ұсынылатын мүмкіндіктер туралы келесі материалда тарқатамыз.

РКС: Талапкер Эмина Саглам өзінің қызығушылығын болашақ кәсібіне айналдыруды мақсат еткен. Оның айтуынша, аспаздыққа деген сүйіспеншілік бала кезінен қалыптасқан. Тағам дайындау ол үшін жай ғана үйдегі әуестік емес, шығармашылықты талап ететін ерекше үдеріс. Осы салада кәсіби маман атану үшін Эмина «Технолог» мамандығына құжат тапсырды.

СНХ: ЭМИНА САГЛАМ, ТАЛАПКЕР: Мұнда аспаз-технолог, кондитер-технолог сияқты мамандықтар бар. Бұл кәсіптер маған бұрыннан ұнайды. Бала кезімнен тағам дайындауға қызығушылық танытатынмын. Болашақта өзімді осы саланың маманы ретінде көремін және білікті бас аспаз болуды армандаймын. Колледжде кәсіби деңгейде ас әзірлеуді меңгеріп, түрлі тағам түрлерін дайындау бойынша білімімді жетілдіргім келеді. Сонымен қатар адамдармен қарым-қатынас жасау дағдыларымды дамытып, өз ісінің шебері атану мақсатым.

РКС: Биыл Көкшетау қаласындағы Құрылыс-технологиялық колледжін 230 түлек тәмамдап шықты. Қазіргі таңда оқу орны еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша 300-ден астам талапкерді қабылдауға дайын.

СНХ: АЛПЫСБАЙ ОМАРОВ, ҚҰРЫЛЫС-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледж 8 мамандық бойынша 330 талапкерді қабылдайды. Олардың қатарында жұмысшы кадрларды даярлауға және орта буын мамандарын оқытуға бағытталған білім беру бағдарламалары бар. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру саласы бойынша аспаздар мен кондитерлер, құрылысшылар, электр-газбен дәнекерлеушілер, электроника және электр энергетикасы мамандары, сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнер бағыты бойынша кадрлар даярланады.

РКС: Қазіргі таңда талапкерлер үшін құжат тапсыру рәсімі барынша жеңілдетілген. Оқу орнының қабылдау комиссиясына жеке барып беруге немесе онлайн жолдауға болады.

СНХ: НӘЖМЕДЕН НҰРАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Өтініш беру үшін талапкер «eGov» порталында авторизациядан өтіп, «Білім беру» бөлімін таңдайды, одан әрі «Қызметтер» тармағына кіріп, «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына құжат қабылдау» қызметін таңдап, өтінім береді. Одан кейін талапкер барлық қажетті мәліметтерді толтырып, талап етілетін құжаттарды қоса тіркеуі қажет. Айта кету керек, өтініш тек бір рет қана беріледі. Сонымен қатар талапкер 4 колледжге дейін және 4 мамандыққа дейін таңдау жасай алады.

РКС: Облыста ондаған сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлайтын 27 колледж жұмыс істейді. Биыл өңірдегі оқу орындарының қабырғасынан 6 мыңнан астам түлек түлеп ұшты. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде түрлі кәсіпорындарда жұмысқа орналасқан. Ал облыс колледждеріне құжат қабылдау науқаны тамыз айының ортасына дейін жалғасады.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ