ДИКТОР: Ақмола өңірі – ел тарихында өзіндік орны бар талай нар тұлғаны дүниеге әкелген киелі мекен. Солардың бірі – Зеренді ауданына қарасты Елтай ауылының тумасы, Көкшетау қаласының тұңғыш құрметті азаматы Мағзи Әбілқасымов. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған оның есімі туған өлкесінің тарихында ерекше құрметпен аталады. Ел ағасының туғанына 100 жыл толуына орай Көкшетаудағы өзі тұрған Әуелбеков көшесіндегі 138-үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Он жеті жастағы жас буын өз қатарластарымен бірге тылдағы ауыр еңбектің бар салмағын көтеріп, ел игілігі үшін қызмет етті. Ол фабрика-зауыт оқыту мектебінде алған кәсіби білімінің негізінде электрик мамандығын меңгеріп, өндірістің маңызды буынында қызмет атқарды. Еңбекке деген адалдығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында №12 бу цехының аға шебері, одан соң жылу беру және электрмен жабдықтау цехының смена шебері қызметіне көтерілді. Өндірістегі белсенді еңбегі оны партия қатарына жетелеп, №12 цехтың бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайлануына негіз болды.
СНХ: БАЛТАЛЫ СӘРСЕНБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Ақсақалдың еңбек жолына келетін болсақ, ол кісі сонау 1940 жылы 17 жасында көкшетау механикалық заводының босағасын аттап, алғашқы еңбек қадамын бастады. Осы жерде 47 жылдай жұмыс істеді. Электрик болды, смена мастері болды, партия ұйымының хатшысы болып, осы Көкшетау қаласының, Көкшетау облысының өркендеуіне елеулі үлес қосқан адам. 1974 жылы Көкшетау қаласының 150 жылдығына байланысты қаланың құрметті азаматы атағы берілді. Сол атақты алғашқы болып біздің Мағзи атамыз алды. Ол кісінің жолдасы Фарида апамыз да осы заводта 45 жылдай жұмыс істеген. Өзімен бірге 2 ұлы, 2 қызы, келіні, күйеу балалары жұмыс істеп, 320 жылдық еңбек өтілімін құрады. Ардақты ағамыздың қасиетті есімін бүгін еске алып, аруағын тербетіп, асқақтатып отырмыз.
РКС: Жұбайы Фарида ханым да ұзақ жыл сол зауытта бірге еңбек еткен. Еңбек жолы мен тағдырын өндіріс орнымен байланыстырған ерлі-зайыптылар үлгілі отбасының негізін қалады. Олар жеті перзентті – екі қыз, бес ұлды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде бұл әулет кеңейіп, ата жолын 19 немере мен 22 шөбере жалғастырып отыр. Бүгінгі ұрпақ аталарын сағынышпен, зор құрметпен еске алады. Келіні Сайран Әділханқызының айтуынша, аталары сөзі нық, ойы терең, өмірлік ұстанымы әділдік пен шындыққа негізделген парасатты адам болған. «Атамыздың жанында жүріп, көп нәрсені үйрендік, өмірлік сабақ алдық», - дейді ол.
СНХ: САЙРАН ӘБІЛҚАСЫМОВА, МАҒЗИ ӘБІЛҚАСЫМОВТЫҢ КЕЛІНІ: Жақсы жұмыс істеді, беделді. Бірнеше медальдармен, орденьдермен марапатталды. Жеті баласы болды, екі қыз, бес ұл. Үш ұлы бар енді. Жанұясын өте сүйетін. Жақсы, қадірлі болды. Өзім келін болып сол үйге түстім, 19 жасымнан. Екі жылдай бірге тұрдық. Бірінші немересі Айдар сол үйде туды. Өзімізбен жүр осында. Өзімізді бөлек шығарды. Үй алып берді бізге. Үй алғанша осы кісілермен тұрдық. Бес ұлдың енді біріншісі ғой. Бәрі жақсы болды. Ол кісі қатал мінезді болды енді. Сол мінезімен де осы дәрежеге жетті деп ойлаймын. Анамыз болды, анамыз да ақжарқын, өзімізбен бірге ойнап-күліп жүретін де.
РКС: Осылайша, еңбек пен ерліктің, адалдық пен табандылықтың үлгісін көрсеткен арда азаматтың жарқын бейнесі ел жадында жаңғыра түсті. Салтанатты шара ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ