ДИКТОР: Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ету бүгінгі қоғамның өзекті мәселесінің бірі. Осы бағытта «Жас ұрпақ» балалар мен жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері арасында шахматтан облыстық блиц-турнир өтті.

РКС: Ауқымды зияткерлік жарыс халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылды. Шара «Қазақстан шахмат федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өтті. Мұндай бастамалар «Мектептегі шахмат» бағдарламасын кеңінен насихаттауға ықпал етеді,-дейді ұйымдастырушылар. 

СНХ: ОРЫНБЕК САҒИДОЛДА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ТУРИЗМ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Шахматты жалпы спорт түрі өздеріңіз білесіздер, бірінші кезекте батыл шешім қабылдау, стратегиялық тұрғыда ойлау қабілеттерін жас ұрпақтар арасында дамытады. Дәл осындай турнир жыл сайын өткізіліп тұрады. Және де осы блиц турнирінен басқа да жалпы білім беру ұйымдарының арасында бір оқу жылында шамамен 5-6 әртүрлі деңгейдегі турнирлар ұйымдастырылып тұрады. 

РКС: Жарысқа облыстың 6 ауданынан және қала мектептерінен оқушылар қатысты. Қатысушылардың басым бөлігі 4-ші мен 6-шы сынып оқушылары. Олар қысқа уақыт ішінде жылдам шешім қабылдап, өзара тартысты ойын көрсетті.

СНХ: РАСУЛ ҚАСЫМБЕК, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ: Шахматпен мен 12 жасымнан бастап айналысамын. Жетістіктерімді айтып кетсем, осы облыстық шахматтан бірталай жүлдегерімін. Блиц турнирдің классикалық шахматтан айырмашылығы жылдамдығы. Классикалық турнирде зейін қойып ойнасақ, блиц турнирде қатысушылар тез-тез ойнап, жүлдегерлерді бір күнде марапаттайды. Қарсыластарымды мықты деп санаймын. Олардың көбі республикалық және халықаралық турнирлердің жүлдегерлері.

РКС: Блиц-турнирдің қорытындысы бойынша Көкшетау қаласының атынан қатысқандар жоғары нәтиже көрсетті. Нұрхан Мақсұтхан «Жас ұрпақ» балалар мен жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушісі жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орынды Эмир Кушеров иеленсе, үшінші орынға Әмір Болат лайық деп танылды. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ал турнирге қатысқан барлық оқушыға сертификаттар табысталды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ