ДИКТОР: Сонау жиырмасыншы жылдардан бастап жаңа әдебиет көшін бастаушылардың бірі болып, жыр сүйер қауымның аса көрнекті ақыны саналған, өмірден өткенге дейін алпысқа жуық өлең, поэма, аударма кітаптарының авторы болған алыптар шоғырындағы ірі қаламгер Жақан Сыздықовтың шығармашылық ғұмырнамасын кеңінен насихаттау қазіргі ең басты мәселенің бірі. Ақынның туғанына биыл 125 жыл. Соған орай Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында әдеби-танымдық кеш өтті. 


ИНТЕРШУМ: 


РКС: Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Қарағаш ауылының тумасы Жақан Сыздықовтың жырларын осылайша мектеп оқушылары жатқа айтады. Қарағаш орта мектебінде ақынның мұражайы бар. Қазақстанның поэзия өнеріне мол олжа салумен қатар, өз стилін қалыптастырып кеткен кесек тұлғаның кітапхана фойесіне қойылған фотосуреттерімен алыс-жақыннан келген ұрпағы тағы бір жақын танысып шықты. 


СНХ: БАҚЫТЖАН АРЫСТАНҰЛЫ, ЖАҚАН СЫЗДЫҚОВТЫҢ НЕМЕРЕСІ (ТАРАЗ Қ.): Жақан атамыздың он немересі болған үлкен баласы Арыстаннан. Соның ішінде мен бармын, бес ұл, бес қыз болған. Жақан атамызды немерелерінің ішінде мен жақын білемін деп айта аламын. Институтта оқығанда жанында болғам, бірге тұрғанбыз. Алматыда Жазушылардың екі үйі болған, өңкей жазушылардың ішінде біз де тұрғанбыз. Сырбай Мәуленов, Сағынғали Сейітов, Қасым Тоғызақов жақын досы болған. Әбу Сәрсенбаев, Қуандық Шаңғытбаев бәріміз бір үйде тұрғанбыз. Сырбай Мәуленов біздің атамызды ұстазым деп күнде келетін.


СНХ: ГҮЛЖАН АРЫСТАНҚЫЗЫ, ЖАҚАН СЫЗДЫҚОВТЫҢ НЕМЕРЕСІ (ТАРАЗ Қ.): Жақан атаның тұңғыш немересі боламын. Өзім мұғалім болып жұмыс істемегем. Бүгін міне Көкшетауға келіп, мұражайға барып, Жақан атамыздың туған жеріне барып, 125 жылдық кешіне қатысып жатырмыз, өзім соған қуаныштымын. Атамызды ұмытпай осындай жиын өткізіп жатыр, қуаныштымыз, рахмет.


РКС: Ол көрнекті ақын болуымен қатар, көркем әдебиеттің әр саласында еңбек етіп ысылған жазушы, қаламы ұшқыр журналист, шебер аудармашы, кәнігі әдебиетші де бола білді. Ұзақ жыл газет-журналдарда, баспада, республикалық радиода қызмет етті, қазақ, татар, ұйғыр әдебиеттері мен классикалық шығыс әдебиетінің жаршысына айналды. Ақынның «Әлі қарттың әңгімесі», «Қос қыран», «Майкөл тамы» поэмалары қазақ әдебиетінің інжу-маржаны десе де болады.


СНХ МҰСАТАЙ ҒАЛЫМ, ӘДЕБИЕТ ЗЕРТТЕУШІСІ: Бұл кісіні Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сыйлаған, Сәбит Мұқановпен құрдас болған. 37-ші жылы алты ай ұсталған екен, 21-ші жылы аштық туралы жазғанда, сонда сәбит Мұқановтың арқасында босатылыпты. Абайдың өлеңдерін ұйқастырып, көп адамға пародия жасаған. Ғабдолла Тоқай, Мұса Жәлелді аударған,. Жақан деген сөз жақсы, игі деген сөз.


РКС: Әдеби –танымдық кеш барысында сөз алған жергілікті филолог -ғалымдар, әдебиетшілер, жақантанушылар, мәдениет саласының өкілдері кезінде жаладан жапа шегіп, кеңестік заманда көп қуғын көрген ақынның шығармаларын айналымға енгізіп, толық зерттеу қажет деді.


ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ