ДИКТОР: Оқушылар үшін көптен күткен жазғы демалыс басталды. Демалыс уақытын тиімді пайдалануды таңдаған балғындардың бір бөлігі кітап оқуға ерекше көңіл бөлуде. Кітапханаға жиі барып, жаңа туындылармен танысып жүрген жас оқырмандар көркем әдебиеттен бастап танымдық кітаптарға дейін қызыға оқиды. Кітап оқу балалардың сөздік қорын молайтып, ойлау қабілеті мен дүниетанымын дамытуға ықпал етеді. Жазғы демалысын кітаппен өрнектеген бүлдіршіндердің тыныс-тіршілігі туралы тілшіміз баяндайды.

РКС: Елімізде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, шығармашыл, жасампаз әрі бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу бағытында түрлі жобалар жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасында кітап оқуды дәріптеуге бағытталған танымдық жобалар мен қызықты іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мұнда балалар кітап оқып қана қоймай, түрлі зияткерлік ойындарға, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар сайысына қатысып, өз білімдерін шыңдауға мүмкіндік алуда.

СНХ: БАҚЫТГҮЛ ҒАЛИЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ҮЛГІЛІ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің кітап оқитын ұлт жобасы аясында балаларды оқуға баулып, өздеріне ұнаған кітаптарын қолдарына алып оқығанын өте қолдаймыз. Кітап оқуды жылжытуда балалармен «Жаз, күн, кітап» атты іс-шара, «Қуаныш сыйлау бір бақыт» жобасы аясында «Аяла» орталығының мүмкіндігі шектеулі жандары келді. Ол да біздің жобамыздың бірі. Балалармен кітапты оқиық, таниық, білейік жобалары, қызықты іс-шаралар, мақал-мәтелдер сайысы өтіп жатыр, жұмбақтар сайысы өтіп жатыр. Осылардың барлығы балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, ойлау қабілетін дамытуға септігін тигізеді. 

РКС: Кітапхана жазғы демалыс кезінде балалардың сүйікті мекеніне айналған. Мұнда келген жас оқырмандар өздеріне қызықты шығармаларды таңдап оқып, бос уақыттарын пайдалы өткізуде. Кейбірі қазақ әдебиетінің алтын қорына енген «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Ер Төстік» сияқты туындыларды оқыса, енді бірі әлем әдебиетіндегі «Пиноккио» секілді шығармаларға қызығушылық танытуда. Кітапхана мамандары балаларға жаңа әдебиеттерді ұсынып, бағыт-бағдар беруде.

СНХ: ӘЛИ ТОҚТАСЫНОВ, КІТАПХАНА ОҚЫРМАНЫ: «Кішкентай ханзада» кітабын оқыдым. Бұл кітаптан маған ең қатты ұнаған кейіпкер – Кішкентай ханзаданың өзі. Кітап жанрларының ішінде ертегілерді жақсы көремін. Бос уақытымда кітапханаға жиі барып тұрамын. Дегенмен, кітапты үйде оқығанды ұнатамын, себебі үйде тыныш әрі ыңғайлы. Ал қажет болған жағдайда кітапханаға барып, өзіме керек кітаптарды алып оқимын. Менің ойымша, кітап оқу өте маңызды. Жазғы демалыс кезінде бос уақыт көп болады, оны тиімді өткізу үшін кітап оқыған дұрыс. Кітап адамды ойлануға жетелейді, қиялын дамытады және жаңа дүниелерді тануға мүмкіндік береді. Қызықты кітап оқығанда уақыттың қалай өткенін де байқамай қаласың.

СНХ: ЕГОР КОРНЕЙЧУК, КІТАПХАНА ОҚЫРМАНЫ: Жазғы демалыс басталғалы бері бір кітап оқып үлгердім. Шытырман оқиғалар желісіне құрылған шығармаларды сүйіп оқимын. Жақында оқып бастаған кітабым үш тараудан тұрады, әзірге бірінші тарауын ғана оқып шықтым. Шығармада Спит есімді кейіпкер мен оның інісі Чадтың өздерін аңдып жүрген роботтардың құпиясын ашуға талпынысы баяндалады. Спиттің басынан қызықты да күтпеген оқиғалар орын алып отырады. Бұл кітап маған ерекше ұнайды, оқиға желісі мені алғашқы беттен-ақ баурап алды. Жаз мезгілінде кітап оқу өте маңызды. 

РКС: Елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа Заң жобасы әзірленеді. Кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктер үшін Ұлттық сыйлық тағайындау жоспарланған. Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру мен «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын іске асыру көзделіп отыр.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ