ДИКТОР: Жыл басынан облыста 300-ден астам автобус жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзған. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өңірде қоғамдық көлік қатысқан жол-көлік оқиғалары әлі де тіркеліп жатқанын атап өтті.

РКС: Жүргізушілер көбінесе жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын сақтамайды. Қауіпсіздік белдігін тақпайды. Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзады немесе көлік тізгінінде отырып, телефонға алаңдайды. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері автобус парктерінің өкілдерімен тұрақты түрде профилактикалық кездесулер өткізеді. Десе де, жолда жол-көлік оқиғалары әлі де тіркелуде.

СНХ: ДАНИЯР АМАНЖОЛ, ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жақында ғана, 2026 жылғы 14 маусымда шамамен сағат 13:10-да Щучинск - Бурабай автожолында Volvo автобусы мен Changan автокөлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Астана - Бурабай бағыты бойынша жүріп келе жатқан және демалушыларды курортты аймаққа тасымалдаған автобус қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, сол жерде Changan автокөлігімен соқтығысқан, содан кейін ағашқа соғылған. Жол апаты салдарынан 11 адам зардап шекті, оның ішінде автобустың 9 жолаушысы және Changan автокөлігіндегі 2 адам бар.

РКС: Қаладағы қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жағдайлар байқалмаған. Бірақ жол қозғалысының өзге қатысушылары тарапынан жасалатын өрескел құқық бұзушылықтар жиі кездеседі. Жалпы, жыл басынан бері өңірде жол қозғалысы ережелерін 1200-ден астам адам бұзған.

БЛИЦ: Мұндай жағдайлар базар маңында бірнеше рет болған. Кейде «Рубин» сауда үйінің жанындағы аумаққа кірген жүргізушілер жылдамдықты асырып жатады. Адамдарды қағып кете жаздаған оқиғалар да аз емес. Интернетте әйел адамды қағып кетіп, кейін көз жұмғаны туралы, сондай-ақ баланы қағып кеткені туралы бейнежазбаларды көріп жатырмыз. Автобус жүргізушілері көлікті жақсы жүргізеді. Олардың тарапынан ереже бұзушылықтарды байқамадым.

- Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Әсіресе жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанда, кейбір жүргізушілер бағдаршамға да қарамай, зулап өте шығады. Сондықтан олардың толық тоқтағанын күтуге тура келеді. Қаламызда осындай жағдайларды жиі кездестіремін.

- Кейде жүргізушілер бағдаршамның сары түсіне қарамастан асығып бағдаршамнан өтіп кетіп жатады. Қайда сонша асығады екен? Бәрібір межелі жеріне ертерек жетіп үлгермейді ғой. Бірде жұмысқа бара жатқанмын, бір көлік қатты жылдамдықпен зулап өтті. Сонда құрбыма: «Ажалына асығып бара жатқандай», – дедім. Біраздан кейін туысқаным кіріп келіп: «Білесің бе, жол апаты болыпты», – деді. Мен: «Қара түсті көлік пе?» – деп сұрадым. Ол: «Иә, қара көлік», – деді. Сөйтсем, шынымен жол-көлік апатына ұшырапты.

РКС: Полиция қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілерін жолда барынша мұқият болуға, белгіленген жылдамдық режимін сақтауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстануға шақырады. Өйткені жүргізушінің жауапкершілігі жолаушылар мен жол қозғалысының өзге де қатысушыларының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ