ДИКТОР: Су тоқтаса қайда хабарласамыз? Жолда ашық люк немесе қоқыс үйіндісін көрсек, кімге айтамыз? Кейде осындай қарапайым сұрақтардың өзі ойландырады. Бұрын әрбір мәселені шешу үшін түрлі мекемелерге жеке-жеке жүгінуге тура келетін. Ал қазір осындай сұрақтарға «AI-komek 109» бірыңғай байланыс орталығы жауап береді. Бұл жүйе тұрғынның шағымын тиісті мекемеге жеткізіп, соңына дейін бақылауда ұстайды. 

РКС: Орталық тұрғындардың арыз-шағымын, өтінішін қабылдап, оны нақты нәтижеге жеткізеді. Электр жарығы, су, кәріз жүйелері, ашық люктер, жол сапасы, қоқыс шығару мен санитарлық жағдай сияқты бағыттар күнделікті бақылауда. Әр өтінім тіркеліп, жауапты мекемеге жолданады және орындалу барысы тұрақты қадағаланады. Яғни мәселе «қабылданды» деген деңгейде қалып қоймайды,-дейді мамандар.

СНХ: АСЫЛБЕК БАЙБОРАНОВ, «SMART AQMOLA» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «АІ Komek 109» бұл облыстың әрбір тұрғыны үшін толықтай тегін, тәулік бойы жұмыс істейтін және ең бастысы тиімді құрал. Оған деген сенім едәуір артып келеді. Дегенмен біздің ортақ міндетіміз Көкшетаудан ең шалғай ауылға дейінгі әрбір тұрғын кез келген мәселе туындаған жағдайда анықтамадан телефон іздеудің қажеті жоқ екенін білуі керек. Бар болғаны 109 үш цифрын теру немесе мессенджерлер арқылы хабарласу жеткілікті.

РКС: Иә, бұл жүйе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы да өтінімдер қабылдайды. Сервиске келіп түсетін хабарламалардың көптігі оның қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Тәулік бойы мыңдаған қоңырау мен өтініш өңделеді. Өтінімдердің көбі телефон арқылы түссе де, WhatsApp, Telegram және Instagram сияқты цифрлық арналар да кеңінен қолданылады. Өңірлер бойынша ең жоғары белсенділік Көкшетау қаласында тіркелген. Бірақ басқа аудандарда да арыз-шағымдар саны өскен.  

СНХ: АСЫЛБЕК БАЙБОРАНОВ, «SMART AQMOLA» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Қаңтардың 1-нен Маусымның 15-не дейін «AI-Komek 109» бірыңғай байланыс орталығына 32 мыңға жуық шағым түсті. Оның 26 мыңнан астамы телефон арқылы қабылданса, 6 мыңға жуығы өтініш WhatsApp, Telegram және Instagram сияқты цифрлық байланыс арналары арқылы жолданған. Олардың басым бөлігі электрмен жабдықтау, құдықтар мен ашық люктер, сондай-ақ су жүйесіне қатысты мәселелерге тиесілі. Жол инфрақұрылымы бойынша 835 арыз-шағым тіркелсе, ветеринарлық қызметтер бағытында 600-ге тарта. 

РКС: Жүйенің тағы бір маңызды ерекшелігі технологиялардың кеңінен енгізілуі. Аэромониторинг арқылы дрондар қала мен ауыл аумақтарын тұрақты түрде бақылап, заңсыз қоқыс тастау, абаттандыру талаптарының бұзылуы және инфрақұрылымдағы кемшіліктер сияқты мәселелерді анықтайды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» платформасымен өзара байланыс күшейтіліп, түскен шағымдарды қарау мен шешу үдерісі жеделдетілді. Бүгінге дейін осы платформа арқылы 211 өтінім тіркелген.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ