ДИКТОР: Әрбір шығармашылық тұлға өз ойы мен сезімін, ішкі толғанысы мен өмірге деген көзқарасын өнер арқылы жеткізеді. Көкшетауда халықаралық «Суретші-әйелдер апталығы» аясында идеясын талантымен шебер ұштастырған суретші - Наталья Булгакованың жеке көрмесі ашылды. Тілшіміз жалғастырады. 

РКС: Өмір - өзен. Бірде баяу. Бірде буырқанып ағады. Наталья Булгакова өз туындыларында сол өмір ағысында адаспауға тырысқан адамның жан дүниесін бейнелейді. Кескіндеме, коллаж және инсталляция түрінде ұсынылған шығармалардың әрқайсысында терең ой, тұнған мағына жатыр. 

СНХ: НАТАЛЬЯ БУЛГАКОВА, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Көрме британдық суретші, бүгінде Ұлыбританияда тұратын отандасымыз Анна Санд ұйымдастырған халықаралық бастама аясында ұйымдастырылған. Аталған жобаны біздің музей екінші жыл қатарынан қолдап келеді. Бастаманың негізгі мақсаты - әлемнің әр түкпірінде суретші-әйелдердің туындыларын ұсынып, шығармашылығын насихаттау.

РКС: Кейде бір сәт тоқтап, әр адам өз өміріне көз салуы керек. «Ағыс» атауымен өткен көрменің негізгі идеясы да осыған саяды. Осындай туындылар көрерменді өткенін таразылап, бүгінгі күнге байыппен қарауға жетелейді, - дейді әріптестері.

СНХ: ДУЖАН МАГЗҰМОВ, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Бұл жұмыстардың бір жаңашылдығы- бұл көрмеде сонымен қатар инсталяциалар қойылған екен. Көрермен сол әрбір қойылған картинаның мағынасын табуға тырысу керек. Енді бұл картинаға қарасақ, үлкен бір терең ойға жетелейтін туындылар. Мұны тек қарап шығып, әдемілігіне тамсанудан гөрі, адам бір ойға шомылу үшін жасалған жұмыстар екені анық көрініп тұр. Наталья Андреевнаға келешекте үлкен шығармашылық табыстар тілеймін. 

РКС: Айта кетейік, көрме - әлемнің түкпір-түкпіріндегі суретші-әйелдердің өнерін қолдауға бағытталған халықаралық бастаманың бір бөлшегі. Жоба өнер арқылы нәзік жандардың үнін кең аудиторияға жеткізуді мақсат етеді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ