ДИКТОР: Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай республика көлемінде есірткіге қарсы ауқымды акция өтуде. Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, есірткінің зияны туралы түсіндіруге бағытталған шаралар легі Көкшетау қаласында да жалғасып жатыр. Бұл жолы жастар үшін арнайы квест ойыны ұйымдастырылды. Танымдық әрі интерактивті форматтағы шараның ерекшелігі туралы тілшіміз баяндайды.

РКС: Квестке қаладағы бірнеше колледждің студенттері мен волонтерлік ұйымдардың мүшелерінен құралған алты команда қатысты. Психологтар мен полиция департаментінің мамандары есірткінің зияны мен нашақорлықтың алдын алу жолдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Осы айдың ішінде шаһарда 50-ден астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған.

СНХ: РӘЗИЯ ҚҰРСАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, студенттермен кездесулер, танымдық дәрістер, сондай-ақ жастардың қызығушылығын арттыратын интерактивті, ойын форматындағы шаралар бар. Мұндай тәсілдер арқылы есірткінің зияны мен оның салдары туралы маңызды ақпарат қолжетімді әрі әсерлі түрде жеткізілуде. Сонымен қатар зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын таңдаудың маңыздылығы түсіндірілуде. 

РКС: Квест ойыны бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар алдымен теориялық тапсырмаларды орындап, есірткінің зияны, оның қоғам мен адам өміріне тигізетін салдары жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Ал практикалық бөлімде түрлі бекеттерден өтіп, логикалық және командалық тапсырмаларды орындады. Жастардың айтуынша, мұндай маңызды тақырыптарды ойын форматында жеткізу ақпаратты жеңіл қабылдауға және есте сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл тәсіл қатысушылардың қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттаудың тиімді құралына айналып отыр.

СНХ: НҰРАДДИН АМАНҒАЛИ, КВЕСТКЕ ҚАТЫСУШЫ: Бұған дейін де осындай профилактикалық жұмыстар өткізілген. Кеше ғана біреуіне қатысып шықтым. Ол интеллектуалдық конкурс болды. Ол жақта да өте қызықты болды, миды жұмыс істеткізді, жүргізушілер бәрі жақсы өткізді. Сыйлықтар болды жақсы. Бүгін де профилактикалық жұмыс өтіп жатыр. В активном виде, практикалық түрде біз жүгіріп, әртүрлі кедергілерді өтіп жатырмыз. Теориялық және практикалық түрде профилактикалық жұмыстар өткізген қатты ұнады. Өзіміздің ойымызды білдіріп, дене дайындығымызды көрсетіп, бәрі жақсы өтіп жатыр.

РКС: Квест қорытындысы бойынша «Анти-амфетамин» командасы жеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын «Антидоза» командасына бұйырса, үздік үштікті «9 грамм» командасы түйіндеді. Үшеуі де азаматтық жоғары көпсалалы қорғаныс колледжінің командасы. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ