ДИКТОР: Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Жарқайың ауданында болды. Сапар барысында өңір басшысы халықпен есеп беру кездесуін өткізіп, бірқатар ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу нысандарының жұмысымен танысты.
РКС: «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алқабында аймақ басшысына «Северный» сортты зығыр, «Корнет» бидай және «Астана 2000» арпа егістіктері таныстырылды. Кездесуде мал шаруашылығына ерекше назар аударылды. Шаруашылықта ірі қара малдан басқа еділбай тұқымының екі мыңнан аса қойы бар. Марат Ахметжанов мемлекет фермерлерге мал шаруашылығы бағытын дамытуға және шетелдік нарыққа шығуға көмектесуге дайын екенін жеткізді.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Несие береміз, қолдаймыз. Ең бастысы - біз сіздерге тауарды өткізуді ұйымдастырамыз. Жақсы қой етін тиімді бағамен сатуды қамту керек. Қазір Ерейментаулық шаруашылықтар қой етінің килограмын 12 доллардан саудалауда. Тұрақты келісімшарт бар. Оның үстіне, егер бізде белгілі бір көлемде өнім болса, өздері келіп, аптасына 20 тонна шикізат сатып алуға дайын. Сондықтан бізге үлкен көлемде шикізат керек.
РКС: Кәсіпорын толық цикл принципі бойынша жұмыс істейді, яғни қайта өңдеуге дейін жемшөп өсіреді. Биыл табындағы голштин тұқымды қара мал басы 200-ден асты. Ал сауын сиыр саны 360-тан асқан. Оларды фермада ұстау үшін өндірістік алаңдар кеңейтілуде.
СНХ: ЕРЛАН АЛИН, «ТЕМИРЛАН» ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Машина паркі жаңартылды. Негізінен бидай егеміз. Егістік алқабы 4000 гектар. Суармалы жүгері 400 гектар, пішен өсіреміз. Күнбағыс 200 гектар. Бізде үлкен бақша бар. Техника толығымен жаңартылды: Class, John Deere маркалы техникалар. Сүт фермасын салудамыз. 400 бас малды сол фермаға кіргіздік, жыл соңына дейін қосымша 400 бас малды қамтитын ферманы да іске қосамыз.
РКС: Шикізат бірден қайта өңдеуге түседі. Цехтың қуаттылығы тәулігіне үш мың литрге дейін сүт өңдеуге мүмкіндік береді. Ассортименті бай: мұнда тек сүт, айран және қаймақ қана емес, сондай-ақ сары май, сүзбе және құрт жасап, оларды жақын аудандарға және өңірдің қайта өңдеу зауыттарына жеткізуде.
СНХ: САМАТ АЛИН, СҮТ ЦЕХЫНЫҢ ОПЕРАТОРЫ: Бұл сүт-тауар фермасы. Жақын маңдағы: Арқалық, Есіл, Державинск қалаларына, аудандарға өнім тасымалдаймыз. Аптасына 3 рет өңдейміз. Қайта өңдеу жағынан ешқандай проблема жоқ. Сүт цехында операторды қоспағанда 5 қызметкер жұмыс істейді. Яғни, олар негізінен өнімді ыдыстарына құйып, салады. Оператор жабдықтың дұрыс жұмыс істеуін бақылайды. Бізде сүтті алғашқы кезеңінен бастап пастерлеуге дейін дайындайтын неміс жабдығы бар. Тек өнімді ыдыстарына құйып, дайын өнімді салатын құрылғы ғана ресейлік.
РКС: Қайта өңдеуді дамыту және мал шаруашылығын қолдау ауыл өміріне тікелей әсер етеді. Тек соңғы жылдың өзінде Жарқайың ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 50 миллиард теңгеден асты. Өндірісті әртараптандыру, жаңа жұмыс орындары мен аграрийлердің жергілікті инфрақұрылымға инвестициялары аудан экономикасын дамытудың басты негізі болып қала береді.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ