ДИКТОР: Биыл Ақмола облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері 27 пайызға төмендеген. Отбасылық жанжал шығаратын азаматтарға қадағалау күшейіп, сотпен орнатылған шектеуді бұзған 900 тұлға жауапкершілікке тартылды. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көрсетілетін әлеуметтік көмек қылмыстық істің қозғалмағанына қарамастан ұсынылады.
РКС: Отбасылық жанжалдан кейін екі баласымен баспанасыз қалған Карина «Шанс» әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау орталығына келген. Қазір мұнда 6 ана мен 18 бала тұрады. Бірнеше баламен отбасынан кетуге мәжбүр болған әйелдерге бұл жерде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Себебі, лицензия алған дағдарыс орталықтары жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшкен.
СНХ: КАРИНА, ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН ЗАРДАП ШЕГУШІ: Екі баламмен далада қалдым. Осындай сәтте ана мен балаларға арналған дағдарыс орталығы бізге пана болды. Осы орталық болмағанда, қайда барарымды да білмес едім. Бұл жерде бізге жан-жақты қолдау көрсетіп, барлық қажетті көмекті ұсынып жатыр. Қазір мамандар балаларымды балабақша мен мектепке орналастыруға көмектесуде. Өкінішке қарай, жолдасым бізді үйден шығарып жіберді. Енді заң аясында алимент өндіру үшін тиісті құжаттарды рәсімдеуге кірістім.
СНХ: ӘСЕЛ САМРАТОВА, «ШАНС» ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ, ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРІ: Бізде әлеуметтік, психологиялық, құқықтық көмек көрсетіледі және қажет болса, медициналық көмек көрсетіледі. Әр ана мен бала осында 6 ай бойы тегін тұра алады. Және әр қызмет бізде тегін беріледі.
РКС: Елімізде соңғы үш жылда отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 13 мыңнан астам адам арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылды. Тек жыл басынан 1877 адамға көмек көрсетілген, оның 1300-і бала. Елімізде осындай 29 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Полиция отбасында ұрып-соғу және жеңіл жарақат келтіру деректері әкімшілік құқық бұзушылық санатынан толығымен қылмыстық жауапкершілікке көшірілуі статистиканы көтерді-, дейді. Десе де, заңнаманы қатайту - ауыр қылмыстың азаюына ықпал етіп отыр.
СНХ: ЕРБОЛАТ ХҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Отбасылық-тұрмыстық саласында жасалған кісі өлтірушілік фактілері 67 пайызға төмендеп отыр. Мысалы, 2023 жылы 12 факті, 24 жылы 8 факті, 25 жылы 4 факт тіркелген. Денсаулыққа ауыр жарақаттарын келтіру фактілері 29 пайызға төмендеп отыр.
РКС: Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, әлеуметтік қолдау жүйесінің де маңызы зор екенін айтады. Зардап шеккендерге уақытылы көмек көрсету, қауіпсіз ортаға орналастыру және құқықтық сүйемелдеу олардың қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ДАНИЯР ЖҰМАҒУЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ