ДИКТОР: Ақмола облысында денсаулық сақтау, коммуналдық инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға қосымша қаржы бөлінеді. Тиісті шешім облыстық мәслихаттың кезектен тыс 31-сессиясында қабылданды. Депутаттар алдағы жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар бастаманы қолдады.
РКС: Биыл медицина қызметкерлеріне көтермеақы төлеу үшін облыстық бюджеттен 622 миллион теңге қарастырылған. Алайда бұл қаражат жеткіліксіз болған соң, аталған мақсатқа қосымша тағы 245 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау ұйымдарында цифрлық шешімдерді енгізуге де қосымша қаржы қарастырылмақ.
СНХ: АЛМАГҮЛ ШҰҒЫРМАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұған қоса, Ұлттық энергетикалық кешенді жаңғырту жобасы аясында шаһардағы жылумен жабдықтауға бағытталған 3 жобаны іске асыруға қосымша қаржы бөлу мәселесі қолдау тапты. Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйін жан-жақты бағалауға арналған кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуге де қосымша қаражат қарастырылды.
РКС: Ауыл шаруашылығы саласына қатысты да маңызды өзгерістер енгізілді. Жиын барысында Ерейментау және Бұланды аудандарындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшерін ұлғайту мәселесі қаралды. Мәселен, Ерейментау ауданында егістік, шабындық және жайылым жерлерінің жалпы көлемі осы уақытқа дейін 35 мың гектармен шектеліп келген. Ал ауданның негізгі бағыты мал шаруашылығын дамыту болған соң, аталған көрсеткіш аздық ететіні мәлім. Сондықтан шекті мөлшерді 150 мың гектарға дейін ұлғайту ұсынылды.
СНХ: РЕНАТ ҚАСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшерін ұлғайту ол – инвестицияларды тартуға сол ауданға, ауыл шаруашылығының көлемін арттыруға, және де жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, сондй-ақ аудандарда озық технологияларды қолдануына қамтамасыз етеді.
РКС: Жиын қорытындысы бойынша күн тәртібінде көтерілген өзге де мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ