ДИКТОР: Өңірде Бірыңғай ұлттық тестілеудің негізгі кезеңінің қорытындысы шығарылды. Емтихан форматы өзгерген жоқ. Биыл да талапкерлер «Математика - Физика» және «Биология - Химия» комбинацияларына басымдық берді. Қанша түлек шекті балл жинады және кейбір талапкерлердің нәтижесі не үшін кейін де жойылуы мүмкін? Тілші баяндайды.
РКС: Биыл аймақта 4,5 мыңнан астам талапкер негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Олардың тең жартысына жуығы тестті қазақ тілінде тапсырса, 52 проценті орыс тілін таңдаған. Ал 5 талапкер емтиханды ағылшын тілінде тапсырды. Грант иелену мүмкіндігін арттыру үшін талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижесін пайдалану мүмкіндігі берілді.
СНХ: АРМАН ӘЛІБЕКОВ, ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Тестілеу қорытындысы бойынша 3,6 мыңнан астам талапкер шекті балл жинады. Бұл қатысушылардың жалпы санының 81 пайызы. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы 71 баллды құрады. Ең жоғары балл - 137 балл болды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасау арқылы ҰБТ-ға 12 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.
РКС: ҰБТ кезінде 18 адам тестілеу талабын бұзған. Тыйым салынған зат алып кірмек болған 12 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тағы 6 талапкер аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері есепке алынбады. Олардың арасынан смарт-сағат, микроқұлаққап және дайын жауап жазылған қағаздар табылған.
СНХ: ӘДІЛХАН ЕЛЕМЕС, ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ САРАПШЫСЫ: Тестілеу кезінде шпаргалкамен ұсталған талапкерлер де болды. Олар емтиханнан шығарылды. Көбіне талапкерлер дайын жауап жазылған қағаздарды алып кіруге тырысады. Тыйым салынған зат анықталған жағдайда, талапкерді тестілеуден шығару туралы акт толтырылып, ол тест тапсыру мүмкіндігінен айырылады. Бірақ кейін екінші рет тапсыра алады.
РКС: Айта кетейік, аудиториялардағы барлық бейнежазба қазанның 31-не дейін сараптамадан өтеді. Егер бейнебақылау кадрларынан тыйым салынған заттар анықталса, талапкердің тапсырған тест нәтижесі жойылады. Тіпті ол осы уақытқа дейін студент атанып үлгергенімен, тест қорытындысы қайта қаралады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ