ДИКТОР: Жас каратэшілер кино әлемінде бағын сынап көрді. Айыртау ауданындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде спортшылар «Ботай. Ғайып ғалам» көркем фильмінің түсіріліміне қатысуға шақырту алған. Кәсіби кино алаңындағы жұмыс оларға тың тәжірибе мен ерекше әсер сыйлаған. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС: Каратэшілер жазғы демалысты тиімді өткізіп қана қоймай, кино өндірісінің қыр-сырымен де танысты. Түсірілім Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау көлінің жағасында өтті. Спортшылар түсірілім тобының ұсынысын бірден қабылдап, тарихи фильмнің бір бөлігіне айналу мүмкіндігін жіберіп алмаған.

СНХ: РУСЛАН ДҮКЕМБАЕВ, ҚР СПОРТТЫҚ КАРАТЭ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Біздің команда жылдағы Айыртау ауданы «Чайка» балалар сауықтыру орталығында оқу-жаттығу жиында жатқанбыз. Сол кезде кастинг директоры келіп, «Ботай. Ғайып ғалам» атты кино түсірілімі болып жатыр деп, актерлар іздеп жүрміз, спортшылар керек, бізге ұсыныс жасаған. Сол жерге барып, Айыртау көлінің жағалауында керемет түсірілімге, бір күндік кино әлеміне барлық балаларымызбен бірге біз үлкен бақыт деп санаймыз. Кино түсірілімі қалай болып жатыр, қандай қыр-сырлары бар деген бұрыннан бері өзіміздің үлкен арманымызға жеттік деп ойлаймын. Жайдан жай ештеңе болмайды. Біз үшін ол үлкен тәжірибе, үлкен бақыт деп санаймыз. 

РКС: Жас спортшылар үшін бұл фильмге түсу ғана емес, шығармашылық пен тәртіптің ұштасқан ортасын көруге мүмкіндік болды. Олар кәсіби актерлермен және түсірілім тобымен бірге жұмыс істеп, кино түсіру барысының ерекшеліктерімен танысты. Мұндай тәжірибе қатысушылардың жаңа қырынан танылуына және алдағы уақытта өнер саласына деген қызығушылығын арттыруға ықпал еткен.

СНХ: АМАНЖОЛ ЖАНАБАЕВ, КАРАТЭШІ: Таңғы сағат 9-да жаттықтырушымыз бізді оятып: «Қазір таңғы ас ішіп, фильм түсіруге барамыз», – деді. Басында қандай фильм екенін түсінбей қалдым. Үлкендердің бірі болғандықтан мені жіберді, бірақ өзім де нақты не болатынын білмедім. Кейін жаппай көрініске адамдарды іріктейтін кісі келді. Кимоноымызды жинап, автобусқа отырдық. Барсақ, бәрі шынайы кәсіби деңгейде ұйымдастырылған екен: камералар, түсіру тобы – бәрі дайын тұр. Қатты таңғалдық. Түсірілім өте жақсы өтті. Барлық қатысушылар өте ашық-жарқын, бір-біріне қолдау көрсетіп, өздерін жақсы жағынан танытты. Жаппай көрініске қатысқан спортшыларымыздың кейбірі тіпті басты рөлдердің біріне түсіп, алғашқы кадрларда көрінді. Мен үшін бұл алғашқы тәжірибе емес еді. Бұған дейін де жарнамалар мен түрлі қойылымдарға қатысып көргенмін. Бірақ дәл осындай кәсіби деңгейдегі түсірілім ерекше ұнады. Осындай мүмкіндік тағы болса, қуана-қуана қайта қатысар едім.

РКС: «Ботай. Ғайып ғалам» – Ботай мәдениетіне арналған толықметражды шытырман оқиғалы көркем фильм. Картинада шамамен алты мың жыл бұрын Солтүстік Қазақстан жерінде қалыптасқан Ботай өркениеті мен жылқыны алғаш қолға үйрету тарихы заманауи оқиғамен сабақтастырылады. Сюжет жас тарихшының көне жәдігердің құпиясын іздеуіне негізделген. Фильмде детектив, тарихи және мистикалық элементтер тоғысқан. Түсірілім жұмыстары Петропавл қаласында, Ботай қонысында, сондай-ақ Айыртау мен Ғабит Мүсірепов аудандарының көрікті жерлерінде жүргізілді. Фильм келер жылы көрерменге жол тартады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ