ДИКТОР: Жақсы ауданынының теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, қайта қолданысқа берілді. Заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылған нысан жолаушыларға жайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге дайын. Вокзалдағы оң өзгерістер туралы тілшіміз баяндайды.

РКС: Жаңарған вокзалдың ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, теміржол саласының қызметкерлері мен ардагерлері жиналды. Олар көптен күткен игі іске куә болып, нысанның жаңаша келбеті мен жасалған қолайлы жағдайларға оң баға берді. Жиналғандардың айтуынша, вокзалдың жайлылығы мен сапасы айтарлықтай жақсарған.

СНХ: АТЫМТАЙ-ЖОМАРТ БҮТІМБАЕВ, ЖАҚСЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Жақсы теміржол стансасында 35 жылдан астам пойыз құрастырушы болып еңбек еттім. Қазір зейнет демалысындамын. Вокзалдың сыртқы келбеті де, ішкі көрінісі де көңілден шығады. Барлығы заманауи талаптарға сай жасалған. Ішін аралап көрдік, ерекше әсер алдық. Жолаушыларға барынша қолайлы жағдай қарастырылыпты.

СНХ: СӘУЛЕШ БАЙҒУЛИНА, ЖАҚСЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Осы вокзалдың жанында өсіп, осы салада еңбек еттік. Бүгін жаңа вокзалдың ашылғанына ерекше қуанып отырмыз. Ауылымыз өсіп-өркендеп келеді, сондықтан мұндай вокзал біз үшін аса қажет. Өзгеріс расында ауқымды. Теміржол саласындағы еңбек жолымды 1976 жылы бастадым. Ол кезде вокзал мен лицей бір ғимаратта орналасқан еді. Қазір олардың нысандары бөлек.

РКС: 1960 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Жақсы теміржол вокзалы талай жолаушыны қарсы алып, талай сапардың бастауына айналды. Арада алпыс жыл өткен соң нысанға ауқымды жаңғырту жүргізілді. Енді мұнда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған орындар, жайлы күту залы, ана мен бала бөлмесі қарастырылған. Бұрын сыртта орналасқан санитарлық тораптар да ғимарат ішіне көшірілді. Сондай-ақ станса заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.

СНХ: СӘУЛЕ НӘУКЕЕВА, ЖАҚСЫ ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Бұрын перронның ұзындығы 388 метр болған. Жүргізілген жұмыстардан кейін ол 503 метрге дейін ұлғайтылды. Станцияның тәуліктік өткізу мүмкіндігі – 65 адам. Бұл вокзал барлық жолаушы үшін жайлы, қолайлы әрі қауіпсіз орын болады деп сенеміз. Жақсы ауылы мен аудан тұрғындары үшін бұл өте маңызды. Себебі теміржол – жолаушылар үшін негізгі көлік бағытының бірі, халық үшін аса қажет көлік артериясы.

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Тәулігіне станция арқылы 6 жолаушылар және қала маңына қатынайтын 2 пойыз өтеді. Ғимараттағы өзгерістер Қазақстан теміржол вокзалдарын жаңғыртуға бағытталған кешенді бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Шілде айының басынан бері өңірде 4 жаңарған станция пайдалануға берілді. Ал осы айдың соңына дейін тағы 3 нысан ашылады деген жоспар бар. 

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.