ДИКТОР: Күні кеше шаһарда қоғамдық көлік жұмысы уақытша ақсап қалды. Автобус паркінің жүргізушілері жалақының кешігуіне және еңбекақы мөлшеріне наразылық білдіріп, бағыттарға шығудан бас тартқан. Кейін жергілікті билік пен кәсіпорын басшылығы қызметкерлермен келіссөз жүргізді. Автобус паркі жалақының толық төленгенін хабарлағанымен, жүргізушілердің жалақыны көтеру туралы талабы әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.
ДИКТОР+ВИДЕО: Қазір қоғамдық көлік қалыпты режимде бағыттар бойынша қатынап жатыр. Көкшетау автобус паркінде 65 жүргізуші және 114 кондуктор еңбек етеді. Кәсіпорын басшылығы жүргізушілердің барлық ұсынысы бастамашыл топпен бірге қаралғанын хабарлады. Жалақыны көтеруге қатысты экономикалық есептер әзірленіп, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен келісілгеннен кейін нақты шешім қабылданады.
СНХ: ОЛЕГ АГОЕВ, КӨКШЕТАУ АВТОБУС ПАРКІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Лизингтік төлемдер түскен соң жалақының жартысын төледік. Кейін субсидияның бір бөлігі түскеннен кейін айлықтың қалған 50 пайызын да төлеп бердік. Сондай-ақ, жүргізушілерге төленбей қалған бес күннің өтемақысын да төледік. Алайда субсидия толық көлемде түспегендіктен, лизингтік төлемдер бойынша берешек әлі де жабылған жоқ. Жүргізушілер жалақыны көтеру және оны уақытылы төлеу туралы талаптарын қойды. Осыған қатысты барлық есеп-қисапты дайындап, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен келісеміз. Кейін нақты жауап береміз. Субсидия уақытылы және толық көлемде берілгенде, мұндай мәселе туындамас еді. Бұдан бөлек өткен жылдардан қалған берешектер де бар. Бастамашыл топпен кездесу өткізілді. Оның барысында көтерілген барлық мәселе мен ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Шілденің 21-інде қабылданған шешімдер бойынша ресми жауап беріледі.