ДИКТОР: Қауіпсіз еңбек шарттары, әділ еңбекақы мен қызметкердің құқығын қорғау. Бұл мәселелер Еңбек Кодексімен және санитарлық нормалармен реттеледі. Десе де, барлық қызметкер құқықтарын біле бермейді. Тақырыпты тілшіміз зерделеп көрді.
РКС: Кез келген қызметкер әріптесі еңбек демалысына кеткен сәтте немесе ауырып, жұмысқа шықпай қалған уақытында оның лауазымын қоса атқарып жатады. Мұндай сәтте қызметкер өзінің негізгі лауазымдық қызметімен қоса қосымша жұмысты да қатар орындайды. Мұндай ауысым ресми түрде рәсімделуі тиіс. Қосымша жүктеме үшін жұмыс беруші үстеме ақы бекітуге міндетті. Ал оның мөлшері қос тараптың келісімімен анықталады.
СНХ: УАҚЫТ БЕЙСЕМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл жерде жұмыс беруші мен қызметкердің арасында келісім-шарт жасалады. Яғни, егер мен осы лауазымды қоса атқарсам, маған ол үшін қанша ақы төленеді? Яғни бұл келісімнің негізі. Мемлекеттік мекемелер немесе квазимемлекеттік сектор үшін қызметкердің негізгі лауазымына төленетін жалақының 50 процентіне дейін заңмен қарастырылған. Лауазымды қоса атқарғаны үшін жеке еңбек келісім-шарты немесе еңбек келісім-шартына қосымша жасалмайды. Еңбек келісім-шартының бірыңғай есеп жүйесінде ол тіркелмейді. Лауазымды қоса атқарғаны үшін қосымша еңбек демалысы берілмейді.
РКС: Соңғы бірнеше апта аймақта өте ыстық болып тұр. Әсіресе өндірістік кәсіпорындарда еңбек ететін қызметкерлер оны қатты сезінуде. Денсаулық сақтау Министрінің 2021 жылдың 3-ші тамызындағы бұйрығына сәйкес аталған нысандарда қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету қарастырылған. Талапқа сәйкес белгілі бір температуралық режимді ұстап тұру, қызметкерлерді ауыз сумен, жеке қорғаныс құралдарымен және санитарлық-тұрмыстық бөлмелермен қамтамасыз ету міндеттелген.
СНХ: СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Температуралық режим +18-ден +22-ге дейін қарастырылған. Ал егер суық уақытта, сынап бағанасы 10 градустан төмен болса, ыстық шай немесе салқындатылған сусынмен қамтамасыз ету міндеттеледі. Температуралық режимді ескере отырып, оны ұдайы бақылап, тиісті талаптарды сақтап отыру қажет. Қаір өздеріңіз білесіздер, сыртта өте ыстық, біз үшін бұл өте сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан қызметкерлердің қан қысымының жоғарылап кетпеуіне мән беру керек. Күн өтіп кетпеуін де бақылап отырған абзал. Ғимараттың ішінде жұмыс істеуге қолайлы температура 18 ден 22 градус аралығында болуы шарт. Жиі бөлмені желдетіп отырған дұрыс. Желдеткіштермен қамтамасыз ету – міндетті талап.
РКС: Кеңсе қызметкерлері үшін міндетті заңнамалық талап жоқ. Жұмыс беруші өз қалауы бойынша еңбек жағдайымен қамтамасыз етеді. Бірақ, мамандар қызметкерлер үшін міндетті түрде жұмыс орнында қолайлы жағдай жасауды ұсынады. Жазғы каникул кезінде жасөспірімдердің дені ата-анасына қаржылай жәрдемдесу үшін қосымша жұмысқа тұрады. Бірақ, бұл жероде бірқатар міндетті талап бар екенін көбі біле бермейді. Заң бойынша 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер жұмыс берушіге ата-анасының немесе қамқоршысының ресми түрде жұмыс істеуге рұқсат беретін келісімін ұсынуы тиіс. Ал 16 мен 18 жастағылар өз бетінше жұмысқа орналаса алады. Жұмыс беруші жасөспірімдерді жас шектеулерін сақтай отырып қана еңбекке тарта алады. Бұл жерде жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы мен қауіпсіз еңбек шарты міндетті түрде қамтамасыз етілуі тиіс.
СНХ: УАҚЫТ БЕЙСЕМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жасөспірімдердің бір апталық жұмыс уақытының ұзақтығы 36 сағаттан аспауы тиіс. Егер жасөспірімнің жасы 14-15-те болса, онда оның жұмыс уақытының ұзақтығы 24 сағаттан аспауы шарт. Екінші мәселе, жасөспірімдерді ауыр немесе зиянды жұмысқа тартуға болмайды. Сондай-ақ оның адамгершілік және рухани тәрбиесіне ықпал ететін жұмысқа тартуға да тыйым салынады. Ішімдік ішетін орындарда жұмыс істеуге де болмайды.
РКС: Тамыз айынан бастап Еңбек Кодексіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Қызметкерлерді психологиялық қысым көрсетуден, сонымен қатар ар-намсының қорғауды да күшейтпек. Егер ұжымда дискриминация, қудалау, басшылық тарапынан қызметкерлерді қорқыту деректері орын алса, онда жұмыс беруші ол үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ