ДИКТОР: Көкшетауда Қопа көлінің жағалауындағы жағажайдың жағдайы тексерілді. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен құтқарушылар жағалау аумағының жай-күйі мен жағажайдағы қауіпсіздік шараларына мониторинг жүргізді. Себебі өткен демалыс күндері Қопа көлінде бір адам суға батып, қаза тапқан еді. Тілші баяндайды.
РКС: Қопа көлінің облыстық қан орталығынан көпірге дейінгі жағалау аумағы жалға берілген және абаттандырылған аумақ. Десе де жағажай аумағында суға түсуге тыйым салынған. Себебі мұнда қауіпсіздік талаптарына сай қажетті жағдайлар жасалмаған. Атап айтқанда, суда жүзу аймағын белгілейтін қалқымалы белгілер орнатылмаған әрі құтқару мұнарасы жоқ.
СНХ: ТИМУР ШӘЙМЕРДЕНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: №34 бұйрықпен бекітілген су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларында қауіпсіздік белгілерінің қандай өлшемде және қандай биіктікте орнатылуы керектігі нақты көрсетілген. Алайда бұл аумақты жалға алған мердігер ұйым жағажайда қажетті қауіпсіздік белгілерін орнатпаған. Сонымен қатар, жағажайды күтіп-ұстау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын да тиісті деңгейде жүргізбей отыр.
РКС: Олар жағажай аумағында тек туристік қызмет көрсетумен айналысады,-дейді кәсіпкерлер. Қазір жағалау аумағында бір ғана тыйым салу белгісі бар. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері жағажай аумағының жағдайына мониторинг жүргізді.
СНХ: СӘКЕН НАЗЫРОВ, ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ СЕКТОРЫНЫҢ МАМАНЫ: Жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындардан келіп түскен барлық ескертулер, соның ішінде әлеуметтік желілердегі шағымдар тіркеліп жатыр. Аумақты күтіп-ұстау және тазалық мәселелері бойынша бірлесіп тексеру жүргізу үшін орындарға шығамыз. Бөлім тарапынан мердігер ұйымға тиісті хабарлама жолданды. Осы мәселе бойынша жұмыстар жалғасады.
РКС: Қазір демалушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуіне байланысты жалға алушымен жасалған келісім-шартты бұзу мәселесі қарастырылуда.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ