ДИКТОР: Облыста этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Бұл жолы көшпелі семинар-тренинг Жарқайың ауданында өтті. Басқосуға көршілес төрт ауданның ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері жиналды.
РКС: Семинарда этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимыл тетіктері таныстырылды. Қатысушылар қоғамдық тұрақтылықты сақтау, тиімді қарым-қатынас орнату және жанжалдың алдын алу жолдарын талқылады. Сондай-ақ этномедиацияның тәжірибелік тәсілдері көрсетілді.
СНХ: ҚУАНЫШ ШАҚШАҚОВ, «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Қарапайым бір мысал келтірейін. Мысалы, санитарка кабинет пен дәлізді тазалап, дайындап жатыр. Сол кезде бір адам лас аяқ киімімен кіріп, кілемді былғап кетеді. Сіз оған ескерту жасайсыз. Ол адам оған әртүрлі жауап беруі мүмкін. Осылайша араларыңызда түсініспеушілік болып, жанжал туындауы ықтимал. Сол кезде сіз оған «сен тәрбиесізсің», «неге біреудің еңбегін бағаламайсың?» деген сөздер айтуыңыз мүмкін. Бұл - жай ғана жанжал. Ал егер осы жерде адам «сендердің бәрің осындайсыңдар», «бұл сендердің қандарыңда бар» деп белгілі бір этносқа немесе дінге қатысты сөз айтса, онда бұл жағдай этносаралық жанжалға айналады.
РКС: Этносаралық қатынастар мәселесі қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікке тікелей әсер етеді. Сондықтан осындай кездесулер мен бірлескен жұмыстар өзара түсіністікті нығайтып, ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді, -дейді ұйымдастырушылар.
СНХ: АРАЙ ӘБЕНОВА, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің аудан үшін осындай семинарлардың маңызы зор. Мұндай кездесулерде этносаралық қарым-қатынасқа қатысты маңызды мәселелер талқыланып, тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен байланыс нығая түседі. Жарқайың ауданында осындай жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Біздің басты мақсатымыз - ауданымыздағы татулық пен бірлікті сақтау, бір-бірімізге деген сыйластықты арттыру және түрлі түсініспеушіліктердің алдын алу. Осындай ашық әңгімелер мен бірлескен жұмыстар ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға, адамдар арасындағы өзара түсіністікті күшейтуге көмектеседі деп ойлаймын.
РКС: Кей жағдайда қарапайым түсініспеушіліктің өзі үлкен жанжалға ұласуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу, тараптар арасындағы байланысты сақтау және мәселені бейбіт жолмен шешуде медиатор мамандардың көмегіне жүгінудің маңызы зор,- дейді сарапшылар.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ