ДИКТОР:Қазақстан мектептерінде оқушылардың денсаулығын бақылаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі мектеп медицинасының жұмысын жаңғыртып, профилактикалық тексерулердің сапасын арттыруды және аурулардың алдын ерте кезеңде анықтауды мақсат етіп отыр.Тілші айтсын. 

РКС:1-ші қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектептерінде медициналық қызмет көрсетудің жаңа үлгісі іске қосылады. Барлық жұмыс цифрлық форматқа көшіріліп, медициналық кабинеттер заманауи диагностикалық құрылғылармен жабдықталады. Сонымен қатар, 2 мыңнан астам мектеп медбикесі арнайы оқытудан өтеді. Олар балалардың денсаулығын мектеп қабырғасында жүйелі түрде бақылап, кез келген ауытқуды ерте анықтай алады. 

СНХ: ГҮЛМИРА МҰҚАШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Қыркүйектен бастап профилактикалық медициналық тексерулер заманауи аппараттық-бағдарламалық кешеннің көмегімен жүргізіледі. Бұл тексерулердің дәлдігі мен сапасын едәуір арттырады. Соның нәтижесінде көру және есту қабілетіндегі бұзылыстарды, омыртқа қисаюын, жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі өзгерістерді және өзге де патологияларды ерте анықтауға мүмкіндік туады. Егер қауіп факторлары анықталса, бала уақытылы қосымша тексеруге және қажетті ем қабылдауға жіберіледі.

РКС: Тексеру қорытындысы бойынша әр оқушы үшін жеке бақылау жоспары жасалады. Мектеп медбикесі дәрігер тағайындаған ем-шаралардың орындалуын қадағалайды, ал ата-аналар баласының денсаулығына қатысты барлық ақпарат пен тексеру нәтижелерін жедел түрде алып отырады.

СНХ: ЖҰПАР ЫСМАҒҰЛОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясында оқитын оқушының анасымын. Оқушыларға арналған профилактикалық тексерудің жаңа форматы ата-аналар үшін өте тиімді. Себебі, баламыздың денсаулығы туралы жан-жақты әрі нақты ақпаратпен танысып, қажет болған жағдайда емді дер кезінде бастап, асқынудың алдын алуға мүмкіндік туады.

РКС: Қазір «Салауатты мектеп» бірыңғай ақпараттық платформасы әзірленіп жатыр. Бұл цифрлық жүйе мектептерді, емханаларды және ата-аналарды өзара байланыстырып, медициналық тексерулердің нәтижесін автоматты түрде тіркеуге, сондай-ақ, баланың емдеу және бақылау үдерісін онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік береді. 

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.