ДИКТОР: Шілденің 10-ы күні Қазақстанда ветеринарлық қызметкер күні атап өтіледі. Аталған мереке қарсаңында Жарқайыңда салтанатты іс-шара өтті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылған мерекелік жиында ветеринария саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, үздіктер марапатталды.


РКС: Ветеринария төрт түліктің саулығын қамтамасыз ететін сала. Ол халық денсаулығын қорғаудың, азық-түлік қауіпсіздігін сақтаудың және агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуының маңызды кепілі. Жануарлар арасында аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алып, өңірдегі эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етіп жүрген мамандардың еңбегі жоғары жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап етеді.

СНХ: ДУЛАТ СЫЗДЫҚ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сіздердің мамандықтарыңыз –ең жауапты кәсіптердің бірі. Бұл сала жоғары жауапкершілікті, терең білімді, қажырлы еңбекті және өз ісіне деген шынайы адалдықты талап етеді. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында жануарлардың саулығы қорғалып, мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқаты сақталып келеді. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы Жарқайың ауданының игілігі үшін адал еңбек еткен ветеринария саласының ардагерлеріне ерекше алғысымызды білдіреміз.

РКС: Салтанатты шара барысында ветеринария саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар маман аудан әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл - күнделікті тынымсыз еңбектің, жауапкершілік пен адал қызметтің лайықты бағасы дейді,-мамандар.

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: МҰРАТ ЕСЕМБАЕВ, АУДАНДЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ЭПИЗООТОЛОГ ДӘРІГЕРІ: Барша ветеринария саласында еңбек етіп жүрген әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Сондай-ақ аудан әкімдігіне зор алғысымды білдіргім келеді. Біз үшін бұл өте үлкен құрмет әрі қуаныш. Бұрын мұндай ресми құттықтаулар болмаған еді. Соңғы екі жылдан бері Ветеринария қызметкерлері күніне орай бізге ерекше құрмет көрсетіліп келеді.

РКС: Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Әсем ән мен көтеріңкі көңіл күйге ұласқан кеш ветеринария қызметкерлеріне көрсетілген құрмет пен олардың қоғамдағы маңызды миссиясын тағы бір мәрте айшықтай түсті.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ