ДИКТОР: Көкшетау қаласын жаңа жылу маусымына дайындау жұмыстары басталып кетті. Шаһар тұрғындарын қыстан тоңдырмай алып шығудан мүдделі «Көкшетау Жылу» мекемесінің мамандары қондырғыларды жөндеп, жылыту желілерін жаңартып, қатты және сұйық отын қорын жасап жатыр. 

 РКС: Жылу маусымына дайындық шаралары бірнеше бағытта жүргізілуде. Қала бойынша желілер жаңартылып, қондырғылар алмастырылып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде жұмыс қыза түскен. Мамандар мұнымен қоса борышкерлермен де түсіндіру жұмыстарын бастады. Коммуналдық қызметке уақытында жасалған төлемдер жылу маусымына дайындықты кешеуілдетпейді дейді жауапты сала мамандары.  

СНХ: РУСЛАН МАҚЫШЕВ, «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» МЕКЕМЕСІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: 2026-2027 жылғы жылу маусымына қажетті қор жасалып жатыр. Тоғыз мың тоннаға жуық көмір, сонымен қатар жергілікті қазандықтарға қажетті майкөбе көмірінің де қоры бар. Бұл жылу маусымын бастауға жеткілікті. Қазір конкурстық шаралар жүргізіліп, отын жеткізуге қатысты келісімге қол қойылуда. Заңды және жеке тұлғалар тарапынан борышкерлер бар екенін айта кету керек. Біздің заң бөлімі олармен жұмыс істеп жатыр, сот процестерін де өткізеді, борышкерлерді жылу желісінен ағытатын бригадалар да бар. Тұрғындардың көпшілігі бұған жауапты қарайды, қарызын өтеуге тырысады. 

РКС: Қаладағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар дайындығы да назарда. Мамандар ішкі жылу желілерін тексеріп, шайып, қысыммен сынап жатыр. Әр ғимарат жылу маусымының алдында дайындық төлқұжатын алуға тиіс. 

 СНХ: АЛЕКСАНДР КРАВЧЕНКО, ҚАЗАНДЫҚ ЦЕХЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Барлық күрделі жөндеу жұмыстары жылыту маусымы басталғанға дейін жүргізіледі, себебі мұндай жұмысты қыста жүргізу мүмкін емес. Жұмыс басталмас бұрын біз қазандықтардан бастап сорғыларға дейінгі жабдықтарға кешенді бағалау жүргіземіз. Анықталған кез келген ақаулар жазда жойылып, ақаулардың алды алынады және жылыту маусымы кезінде қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз етеді.

РКС: Мамандар бұл жұмыстар өте тиянақты әрі уақытылы жүргізілуге тиіс дейді. Себебі, кез келген қателік қыстың күні жылу желісінің істен шығуына әкелуі мүмкін. Сондықтан дайындық жұмыстары жан-жақты пысықталып жатыр. 

 ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.