ДИКТОР: Жарқайыңда елді мекендерді көркейту жұмыстары қарқынды. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне тікелей әсер ететін көшелердегі жарық бағандарын жаңғырту жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Державинск қаласының кіреберісі мен көшелерде жаңа жарық шамдары орнатылып, ауданның инфрақұрылымы жаңартылуда.
РКС: Державинск қаласына облыстық маңызы бар Державинск - Жақсы автожолы жағынан кіреберісте автономды көше жарығы іске қосылды. Жоба аясында күн панельдерімен жабдықталған 42 жарық бағаны орнатылды. Заманауи жүйе электр қуатын үнемдеумен қатар, қаланың кіреберісіндегі қозғалыс қауіпсіздігін де арттырып отыр.
СНХ: ДЖАВАНШИР МЕДЖИДОВ, МЕРДІГЕР: Біз көшелерге күн панельдерімен жабдықталған жарық бағандарын орнатуды толық аяқтадық. Жоба барлық талапқа сай, сапалы әрі қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Өзіміз осы өңірдің маманымыз. Электрмен монтаждау саласында 14 жылдан бері еңбек етіп келеміз. Сондықтан қаладағы сыртқы жарықпен қамту жүйесіне тұрақты қызмет көрсетеміз. Қазір бұл аумақта кешкі уақытта жарық, жайлы әрі қауіпсіз болды. Қалаға кіріп келе жатқан көліктерге енді жол алыстан анық көрінеді.
РКС: Аудан орталығындағы бұл жұмыстар мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта Есіл көшесінде, Смағұлов көшесінен Московская көшесіне дейінгі аралықтағы көшелерге жарық бағандарын орнату жоспарланған.
СНХ: ЗАУР СМАҒҰЛОВ, ДЕРЖАВИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл жоба қала мерейтойы аясында жүзеге асырылды. Сондай-ақ алдағы уақытта тағы екі жарықтандыру тірегін орнатып, аудан орталығындағы бір көшені толықтай жарықпен қамту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың барлығы жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
РКС: Көшелердегі жарық бағандарын жаңарту ауылды елді мекендерде де қолға алынған. Тассуат ауылында аудандық бюджет есебінен құны 3 миллион 100 мың теңгеге жаңа 10 жарық шамы орнатылды. Жарық Ыбырай Алтынсарин, Әліби Жангелдин және Иманов көшелерінде қосылды. Ал Далабай ауылында жергілікті өзін-өзі басқару қаражаты есебінен құны 5 миллион 590 мың теңгені құрайтын жоба жүзеге асып, Абай және Гагарин көшелеріне заманауи 18 жарық шамы қойылды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ