ДИКТОР: Бүгін су шаруашылығы қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде. Су – тіршілік нәрі, экономиканы, өнеркәсіпті дамыту үшін негізгі ресурс, аграрлық сектордың ажырамас бөлігі. Ақмола облысының аумағында 517 су қоймасы орналасқан. Олардың әрқайсысы - экономикалық қажеттіліктерді ғана емес, қарапайым азаматтар өмірінің маңызды бөлігі болатын стратегиялық актив. 

РКС: Елімізде балық шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді. Биыл Ақмола облысының әкімдігі 43 миллион теңге субсидия бөлуді жоспарлады. Сонымен қатар, өңірде су қоймаларының тазалығын қадағалап, оларды тазарту бойынша акциялар мен іс-шаралар өткізуде. Браконьерлік фактілері бойынша тексеру жүргізіп, заңсыз балық аулаудың алдын алуда. Кәсіпшілікті бақылау мен реттеуді «Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» жүзеге асыруда. 

СНХ: НЫҒМЕТ ҚАУАШЕВ, ЕСІЛ ОБЛЫСАРАЛЫҚ БАССЕЙНДІК БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біздің функциямызға балық шаруашылығы саласындағы бақылау, қадағалау және іске асыру жатады. Штатта 35 инспектор бар. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағын бақылаймыз. Бүгінгі таңда «Таза су қоймалары» акциясының қорытындысы бойынша 25 тонна қоқыс, 237 заңсыз аулау құралы алынды. Мұндай жұмыстар тұрақты жүргізілуде.

РКС: Сондай-ақ, су нысандары аграрлық секторда маңызды рөл атқарады. Ауыл шаруашылығы дамыған облыс үшін су ресурстарын тиімді басқару өте маңызды. Бұл жыл сайын өндірістік көлемді арттыруға мүмкіндік береді. Судың мақсатқа сай бөлінуі мен пайдаланылуын «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі инспекция» қадағалайды.

СНХ: РУСЛАН ТӨЛЕГЕНОВ, СУ РЕСУРСТАРЫН ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ЕСІЛ БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Қызмет көрсету саласына Көкшетау қаласына жақын аудандардың бір бөлігі кіреді. Бөлімнің міндеттері су ресурстарын мемлекеттік реттеу. Су объектілерін қорғау су қорғау аймақтарын, белдеулерін белгілеу жолымен жүзеге асырылады. Шаруашылық қызмет үшін шектеулер бар. Жер үсті немесе жер асты су объектісінен кез келген су алу рұқсат арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

РКС: Мемлекет су ресурстарын сақтауға және ұтымды пайдалануға үлкен көңіл бөлуде. Тіршілік нәрінің сапасына тұрақты мониторинг жүргізіліп, су объектілерін қорғау және сақтау бойынша шаралар қабылдануда. 

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, НАИР ЗАХОВАЕВ, САНЖАР НҮРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ