ДИКТОР: Облыста мүгедектігі бар 29 мыңнан астам адам тіркелген. Биыл оның 5 мыңға жуығы жұмыспен қамтылды. Олар бүгінде қоғам өміріне белсене араласып, түрлі салада жемісті еңбек етуде. Ал, мемлекеттік гранттың игілігін көргендердің бірқатары өз кәсібін ашып, кәсіпкерлікке бет бұрған. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтып, олардың кәсіби әлеуетін дамытуға «Бірлік» Ақмола облысының мүгедектігі бар адамдар одағы» заңды тұлғалар бірлестігі де өз үлесін қосып келеді. Бүгінде мұнда 15-ке жуық адам тұрақты еңбек етеді. Олар кәсіби біліктіліктерін шыңдап қана қоймай, адал еңбегі арқылы қоғамның дамуына үлес қосып, мүмкіндіктің шектеусіз екенін дәлелдеп жүр. 

РКС: Константин Нохрин «Бірлік» заңды тұлғалар бірлестігінде 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын мүгедектер арбасын жөндеу шебері ретінде бастаған ол қазір мемлекеттік гранттың қолдауымен өз кәсібін ашып, шағын ісін жолға қойған. Бүгінде кәсіпкер бір жанды болсын тұрақты жұмыспен қамтып, өз тәжірибесі арқылы өзгелерге де үлгі болып келеді.

СНХ: КОНСТАНТИН НОХРИН, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Мемлекеттен 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алдым. Ол кезде бұл шамамен 1 миллион 380 мың теңгені құрады. Осы қаражатқа құрал-саймандарды, қайрауға арналған станоктар сатып алдым. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз кәсібімді бастап кеттім. Кейіннен жұмыспен қамту орталығы арқылы мүгедектігі бар азаматтарға жұмыс орындарын ашуға бағытталған бағдарлама бар екенін білдім. Сол бағдарлама аясында бір азаматты жұмысқа қабылдадым. Мұндай мемлекеттік бағдарламалар өте тиімді. Себебі жұмысшының жалақысын төлеу мен үшін қиындық туғызбайды, оған жұмсалған қаражатты мемлекет өтеп отырады.

РКС: Мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы жұмыс орындарын құру бағдарламасына қатысқандардың бірі Владимир Демещенко. Бүгінде ол Константин Нохриннің кәсібінде еңбек етіп, жұмыстың қыр-сырын меңгеріп келеді. Мұнда шеберлер құрал-саймандарды қайраумен қатар, түрлі бұйымды қалпына келтіріп, істен шыққан техниканы жөндеп тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Еңбекке араласу арқылы Владимир өз мүмкіндігін арттырып, кәсіби тәжірибесін шыңдап келеді.

СНХ: ВЛАДИМИР ДЕМЕЩЕНКО, БАҒДАРЛАМАҒА ҚАТЫСУШЫ: Мен қазір оқып, жаңа дүниелерді үйреніп жатырмын. Жоба аяқталғаннан кейін «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіп бастауға қатысуды жоспарлап отырмын. Жалпы, қазір гравировкалық станоктарды қарастырып жүрмін. Мемлекеттік грант арқылы осындай жабдықтарды алып, өз кәсібімді бастап көруді жоспарлап отырмын.

РКС: Жалпы, облыста жұмыспен қамту мәселесі жыл санап оң бағытқа бет бұрып келеді. Биылдың өзінде «Өңірлік халықты жұмыспен қамту» картасы аясында 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. 

СНХ: ШОЛПАН РАХМАТУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жаңа жұмыс орындары инвестициялық және инфроқұрылымдық жобалар шеңберінде ашылады. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенді дамыту тұжырымдамасы аясында 1,2 жаңа жұмыс орны құрылды. Мысалы, Бурабай ауданындағы «Анрофирма «Веденовка», Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1». Жыл басынан бері 4 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды. Биыл әлеуметік осал топтарға жататын азаматтарға жалпы сомасы 334 млн тг асатын, 270 қайтарымсыз грант берілді. 

РКС:Мүгедектігі бар азаматтар мемлекет қамқорлығында. Олардың өмір сапасын жақсарту және қоғамға белсенді араласуына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл өңірде 800-ге жуық адам протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілсе, 380-ге жуық азаматқа мүгедектер арбасы табысталды. Сонымен қатар 1500-ге жуық тұрғын санаторийлік-курорттық ем алып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік алды. Мұндай қолдау шаралары азаматтардың еркін қозғалуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және толыққанды өмір сүруіне жол ашуда.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ