ДИКТОР: «Ритм» би ансамблі Алматы қаласында өткен халықаралық көпжанрлы шығармашылық байқауға қатысты. Өнер додасында 30-ға жуық шығармашылық ұжым бақ сынады. Айта кетейік, ансамбльдің шығармашылық жолы 1991 жылы Красный Яр ауылында бастау алған. Ал 1995 жылы ұжымға «Халықтық» атағы берілді. Байқаудағы жетістіктері мен ансамбльдің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы келесі бейне материалда.

РКС: 7 мен 9 жас аралығындағы қатысушылар арасында 10 би ұжымы өзара мықтыны анықтады. Әр ансамбль көрермен мен қазылар назарына 2 би қойылымын ұсынып, шеберліктерін паш етті. Тартысқа толы өнер додасының қорытындысында «Ритм» ансамблі І орынды жеңіп алып қана қоймай, байқаудың ең мәртебелі марапаты «Супер Гран-при» жүлдесін еншілеп қайтты. Ата-аналардың айтуынша, бұл жеңіс айлар бойы тынымсыз дайындықтың, қажырлы еңбектің, жоғары тәртіптің және ансамбль жетекшісінің кәсіби шеберлігінің жарқын нәтижесі.

СНХ: АННА ЕРОФЕЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен Наталья Анатольевнаның би ансамблінде өнер көрсететін немеремнің әжесімін. Ұстазымызға деген алғысымыз шексіз. Ол балалардың бойындағы өнерге деген сүйіспеншілікті оятып, нәтижесінде қыздарымыз қай байқауға барса да, жүлдесіз оралмайды, түрлі сахналарда өз өнерлерін абыроймен паш етіп жүр. Өздері де өте жауапкершілігі жоғары, еңбекқор, жаттығуларды бірде-бір рет себепсіз жібермейді. Осындай жетістікке жеткен балаларымыз үшін де, жетекшіміз үшін де ерекше қуаныштымыз әрі мақтан тұтамыз.

СНХ: ӘСЕМ ӘЛКЕЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біз «Ритм» би ансамблінде өнер көрсететін балалардың ата-аналарымыз. Осы байқауға арнайы Алматы қаласына бардық. Осы сәтті пайдаланып, ансамбль жетекшісіне балаларымыздың бойындағы талантты шыңдап, өнерге деген еңбекті баули білгені үшін, шексіз махаббаты мен сыйластығы үшін шынайы алғысымызды білдіргіміз келеді. Сапарымыз өте сәтті өтті. Байқауға қатысып қана қоймай, аздап тынығып, ерекше әсерге бөлендік. Әсем Алматы қаласы да бізді жылы қарсы алып, жаймашуақ ауа райымен де қуантты. 

РКС: Бүгінде «Ритм» ансамблінде 5 жас ерекшелігі тобында 5 пен 20 жас аралығындағы 100-ге жуық өнерпаз тәлім алады. Ұжымның оқу бағдарламасы классикалық, халықтық, эстрадалық және балалар биі бағыттарын қамтиды. Осындай жан-жақты дайындықтың арқасында балғын бишілер сахна мәдениетін меңгеріп, шығармашылық шеберліктерін шыңдап, түрлі деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ